Қазақстанда ең ықпалды, халықты кез- келген уақытта қозғай алатын және асырай алатын, жұмыс бере алатын және электораты ең мықты, әрі сол электорат оған тәуелді күш ол — яндекс.
Бұл туралы қоғам белсендісі Батыр Әмір өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Яндекс арқылы еркек кіндіктінің 60% отбасын бағып отыр қазір. Ең үлкен жалақыны беретін де осы яндекс. 500 — 1 млн арасында береді. Шамамен 6 миллионға жуық адам осы арқылы күнін көріп отыр. Кім ойлаған? Аштық пен жоқшылық, жемқорлық жайлаған заманда шет елдің бір агрегаторы арқылы миллиондаған отбасы күн көреді деп», — деп жазды қоғам белсендісі.
Отандық агрегаторды шығару керек деп шулап жүргенімізге қанша уақыт болды? Қазақстан шет ел үшін қолайлы ортаға айналғаны қашан… Билік негізінен мұнай-газ, металлургия, қаржы сияқты ірі салаларға ғана көңіл бөліп келді. Сондықтан шетелдік компаниялардың нарықты оңай жаулап алуына ешқандай шектеу қойылмады. Ozgeris.info тілшісі монополистер билеген ел экономикасын статистикаға сүйеніп зерттеп көрді.
Ресми статистикаға сүйенсек, елде шағын және орта бизнесте 4,1 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылғаны белгілі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға артық.
Сонымен қатар, 2023 жылдың соңында Қазақстан бойынша орташа айлық жалақы 393 605 теңгені құрады.
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Алайда аталмыш монополист компанияны басып озатын бәсекелес жоқ. Болса да, ұзаққа бара алмайды. Оның негізгі себептері де бар.
Біріншіден, халықаралық сервистердің үстемдігі. Яндекс Go және InDriver нарықты жаулап алып, ыңғайлы мобильді қосымшалар, көліктердің кең таңдауы және төмен бағалар ұсынды. Жергілікті стартаптармен бәсекелесу қиын, өйткені олар ауқымы мен инвестиция көлемі бойынша әлдеқайда алда.
Жоғары сапалы қосымша жасау үлкен қаржы талап етеді. Бұл тек бағдарламаны әзірлеу ғана емес, сонымен қатар оны үнемі жаңарту, серверлерді қолдау, жүргізушілер мен клиенттермен жұмыс істеу қажеттілігімен байланысты.
Қазақстандық инвесторлар жаңа агрегаторларға қаржы салуға құлықсыз, себебі Яндекс пен InDriver-дің бәсекеге қабілеттілігін көріп отыр. Үлкен қаржыландырусыз брендті дамыту және пайдаланушылардың сеніміне кіру қиын.
Жүргізушілер үшін көп тапсырыс түсетін, интерфейсі ыңғайлы танымал сервистерде жұмыс істеген тиімдірек. Оларды жаңа агрегаторға тарту үшін жақсырақ жағдай жасау қажет, ал бұл қосымша шығындарды талап етеді. Қазіргі уақытта мемлекет жергілікті агрегаторларды айтарлықтай қолдап отырған жоқ. Мысалы, Ресейде Яндексқа қарсы “Такси России” жобасын іске қосуға тырысқан, бірақ ол сәтсіз аяқталды.
Яндекс сияқты алпауытпен бәсекелесу үшін агрессивті жарнама, жеңілдіктер мен бонустар қажет. Бұл үлкен қаржыны талап етеді, сондықтан ірі инвесторларсыз жаңа сервис өз орнын таба алмайды.
Бүгінгі таңда Яндекс Алматы мен Астана қалаларын жаулап алған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (АЗРК) деректері бойынша, «Яндекс.Такси» Қазақстан нарығындағы үлесі шамамен 90%-ды құрайды. 2021 жылы Алматы қаласында «Яндекс.Такси»-дің нарықтық үлесі 84,34%, ал Астанада 67,3% болған.
Қазақстан билігі Яндекс тек бас қалаларда ғана емес, басқа өңірлерде де монополист екенін мойындап отыр. Алайда, бағаларды қалай реттеу керектігі жөнінде мамандар әлі нақты шешім қабылдай алмай келеді.
Агенттіктің мәліметінше, Яндекс жыл санап күшейіп келеді. Өткен жылы Қазақстанда агенттік жалдаған шетелдік сарапшылар алгоритмдік баға белгілеуге аудит жүргізген. Сол себепті ведомстводан бұл компанияның қызметін реттеу бойынша нақты ұсыныстар күтілген болатын. Алайда, жақында Парламентте таныстырылған бәсекелестікке қарсы заңнаманың алтыншы түзету пакетінде Яндекс жайлы ештеңе айтылмады.
«Біз олармен үнемі кездесіп, талқылап отырамыз. Бұл кәдімгі нарық емес, мұнда монополист пен тұтынушы ғана емес, сонымен қатар 300 мың жүргізуші мен олардың отбасылары бар. Сондықтан оларды шектей алмайыз…», — деп мәселенің тым күрделі екенін атап өтті Болат Сәмбетов.
Алайда, бұл жауапқа халық қалаулылары келіспеді. Депутат Нұртай Сабильянов шенеуніктен нақты қандай шаралар әзірленіп жатқанын сұрады.
«Біз қазір Яндекстің баға белгілеу аудитінің нәтижелерін зерттеп жатырмыз. Тиісті шаралар қабылдағымыз келеді. Мүмкін, бағаларды реттеуді енгізерміз, тіпті ең жоғары тарифті белгілерміз. Қазіргі уақытта компания әр сапардан 16% комиссия алады, бұған қосымша таксопарктер 4% қосады. Әлемдік тәжірибе әртүрлі: кей жерлерде комиссия 30%-ға дейін жетеді, ал Өзбекстанда, мысалы, бар болғаны 13%. Сондықтан Яндекске осындай жоғары пайыз қайдан шықты деген сұрақ қойдық»,- деді ол.
Қазақстанда тәртіп орнатылмаған монополиялық нарықтар жетерлік. Мысалы жанар-жағармайдың 80% көтерме нарығын “ҚазМұнайГаз” мемлекеттік компаниясы реттейді. Соған қарамастан тапшылық бар, жоғары баға және бақылау жоқ. Бұл тізімге байланыс операторлары, көмір, сұйытылған және тауарлық газ, теміржол және әуе тасымалдары да кіреді.
Депутат Наталья Дементьева елдегі тарифтердің бағасына шүйлікті. Оның айтуынша, кейбір жағдайдарда әуе компанияларының ең төменгі тарифі сол бағыттағы ең жоғары тарифтен 4,5 есе асып түскен. Бұл ретте Қазақстан билігі жаңа әуе тасымалдарын нарыққа кіргізу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны сұрақ туындатып отыр.
АЗРК төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов депутатпен келісті. Оның мәліметіне сүйенсек, Air Astana нарықтың 55 пайызын жаулап алған. Сәйкесінше, бәсекелестік жоқ және олар бағаны төмендетуге еш себеп көріп отырған жоқ. Дегенмен “Самұрық-Қазына” қоры Qazaq Air әуе компаниясын катарлық инвесторға сату арқылы бәсекелестікке жол ашып жатқан көрінеді.
«Жалпы, біз заң жобасының бағыттарын нақты белгіледік. Егер нарықта монополиямен күрес еш өзгеріс әкелмейтін болса, мысалы, азаматтық авиацияда, біз баға бақылауын күшейтіп, кейбір жағдайларда бағаны реттеуге тырысамыз. Сонымен қатар, антимонополиялық тергеу жүргізу процесін жеңілдетеміз», — деді Ахметов.
Жоғарыда аталған шаралар билеттердің бағасын әділ белгілеуге жол ашады ма, жоқ па? Бұл сұрақ әлі де ашық. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнес мүддесін қорғаштай бастады. Қазір бәсекелестікке қарсы заңнаманы бұзғандар тек айыппұл төлеп, заңсыз әрекеттен түскен пайданы қайтаруға міндетті. Ал жаңа түзетулер тұтынушыларға келтірілген залалды да өтеуді қарастырады. Бұл ұсынысқа бизнестің өкілдері наразы.
“Айыппұл төле, пайданы қайтар, енді тағы залал өтеу керек – мұның бәріне қаражатты қайдан табамыз?”, — деп ашуланып отыр.
Яндекс компаниясы Қазақстан нарығына қалай кірді?
2016 жылы «Яндекс.Такси» Қазақстан нарығына белсенді түрде шыға бастағанда, елімізде бәсекеге қабілетті такси компаниялары болмады. Нарық бақылаусыз болды. Елімізде жеке тасымалдаушылар, шағын таксопарктер мен стандартталмаған такси қызметтері жұмыс істеді. Ал «Яндекс» қазақ қоғамына ыңғайлы қосымша, тапсырыстарды автоматтандырылған жүйе арқылы бөлу және ашық тарифтер ұсына білді. Сәйкесінше, аталмыш компанияның беделі бірден өсті.
Үкімет кезінде Яндекстің нарыққа кіруіне еш кедергі келтірмеді. Өйткені бастапқыда бұл сервис жол жүру құнын қолжетімді бағада ұсынды. Мыңдаған жүргізушілерді жұмыспен қамтыды. Жүргізушілерге тапсырыстарды жылдам табуға мүмкіндік берді, ал жолаушылар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз қызмет көрсете бастады.
Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін ашық ел болып саналады. Елде «ашық экономика» қағидасы жұмыс істейді, бұл «Яндекс» секілді компаниялардың нарыққа оңай кіруіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бар, бұл ресейлік компаниялардың тіркелуін және жұмыс істеуін жеңілдетті.
«Яндекс» нарыққа шыққан кезде такси қызметтері стратегиялық маңызды сала ретінде саналмады. Билік негізінен мұнай-газ, металлургия, қаржы сияқты ірі салаларға көңіл бөлген. Сондықтан шетелдік агрегаторлардың дамуына ешқандай шектеу қойылмады.
Бүгінде «Яндекс» нарықты іс жүзінде монополияға айналдырды, оның үлесі 90%-ға жетті. Сондықтан билік оны реттеу туралы енді ойлана бастады. 2023 жылы Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Яндекс.Такси»-ді үстемдік еткені және бәсекелестер үшін әділетсіз жағдайлар жасағаны үшін айыптады. Алайда, мемлекет әзірге оның ықпалын шектеу бойынша нақты шаралар қабылдаған жоқ. Қанша десек те, «Яндекс.Такси» Қазақстандағы ең ірі ойыншы болып қала береді, және онымен бәсекелесу өте қиын.
ПІКІР ЖАЗУ