«Қазақмыс» Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алды ма? Ресми жауап

aviata.kz
«Қазақмыс» корпорациясы бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұған дейін желіде «Қазақмыс» корпорациясы Нұрсұлтан Назарбаевқа Airbus ACJ TwoTwenty бизнес-джетін 84 миллион долларға сатып алғаны туралы ақпарат тараған еді.

«Қазақмыс» корпорациясы тарапынан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алынғаны туралы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты ресми түрде мәлімдейміз, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – делінген хабарламада.

Корпорация бұл ұшақтарды жеке тұлғалар үшін сатып алмағанын атап өтті.

«Ұшақ сатып алу тек компанияның өндірістік қажеттіліктерімен байланысты болды. Мұндай мәміле туралы кез келген мәлімдеме негізсіз және жұртшылықты адастырады. Біз бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің жеке пайдаланушыларын таратып жатқан мәліметтердің шынайылығын тексеруге және тексерілмеген деректерді жариялаудан бас тартуға шақырамыз», – деп қосты «Қазақмыс» корпорациясы.