«Қазақ контенті қайда?»: Бюджеттен миллиард ақша бөлінеді, бірақ нәтиже жоқ — сарапшы

Фото: caravan.kz

Қазақстанда мемлекеттік телеарналар мен радиоларға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Мысалы 2019 жылы екі ірі мемлекеттік телеарна «Қазақстан» және «Хабар» бюджеттен шамамен 36 миллиард теңге алған. Ал мемлекеттік БАҚ-та қазақ тіліндегі материалдардың орташа үлесі 83%-ға жеткен.

Алайда қазақ тілінің реалийі басқаша.

Казакская орда 2.0 деген парақша «Қазақ көрермені не көріп жүр?» деп сұрау салып, рейтинг шығарды. Қаңтардың соңында түзілді деген рейтингте «ең көп қаралған бағдарламалардың» ондығы жазылған екен.

Өзі – он. Оның үшеуі – Ресейдің бірсыдырғы сериалы. Екеуі – Түріктің сериалы. Украинаның бір мелодрамасы мен АҚШ-тың бір боевигі бар екен. Тағы екеуі – орыс тіліндегі жаңалықтар. Тағы бірі Ресейдің баяғы «Поле чудесі».

Масқара ма? Масқара! Бұл – көрерменнің сұранысын қалыптастыру емес, көрермен сұранысына жұмыс жасау деген сөз!

Ең қиыны – жұрт көп қарапты дегеннің барлығы дерлік орыс тіліндегі өнімдер. Жалғыз ғана өнім қазақ тілінде. Оның өзі түріктің сериалы (аударма).

Алғашқыда КСРО ыдырап, бодандық кезеңде бір-бірімен мидай араласып жататын ескі «одақтастардың»ә әрқайсысы өз әлінше, өз бетінше аяққа тұрғанша, өз жолдарын өздері таңдап, өз бағыт-бағдарын анықтап алғанша соқтықпалы-соқпақсыз ондаған жылдарды артқа тастауға тура келді делік. Сөйтіп жүргенде 34-ші жылға аяқ бастық қой. Енді қашан?

Жасырары жоқ – бүгінде қазақ телеэкранынан жоғарғы сапалы өнімді емес, әйтеуір қазақты қорламайтын өнімді көрсек, соған қанағат дейтін хәлге жеткенбіз.

«Демек, қазақстандық телеарналар Қазақстан халқына жібі түзу бағдарлама ұсына алмай отыр деген сөз ғой. Қазақтілді өнім өндірумен айналысатын, жылына миллиардтап бюджет ақшасын игеріп отырған телеарналар бар. Алайда, олардың бір де бір өнімін рейтингтен көре алмай отырмыз. Қаптаған қазақтілді менеджердер, кәсіби телемамандар қызмет ететін қазақ телеарнасының қазіргі сиқы осындай. Рейтингке ілінетін бір бағдарлама бере алмай отырған телеарналар бюджеттің қаражатын, халықтың ақшасын пайдалануға қалай ұялмайды», — деп жазыпты осы рейтингті бөлісушілер.

Бізге қарағанда оқ бойы озық кеткен елдердің қайқайсында болмасын, ұлттық кино, ұлттық телеөнім жолға қойылған. Олардың қай лентасын алып қарасаң да, алдымен өз халқының өмірін бірінші планда көрсетуді мақсат тұтады. Жаһандық, жалпы адамзаттық, планетарлық өзекті мәселелерді де олар өз елінің дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі арқылы қабылдайды, сол арқылы суреттейді. Жаңағы айтқан жалпыадамдық мәселелер ұлттық болмыс тұрғысынан шешімін тауып жатады. Бұны – идеология дейді. Ал бізге керегі – Ұлттық идеология!

«Айтыңыз, Ресейдің «Подменасы» мен «Злая Судьба», «Невский» дейтін бейморал сериалдарында қазақтың өмірі суреттеле ме? Қазақтың астырлы ойы айтыла ма? Әлде украилалық өнім – «Цвет измены» дейтін сериал немесе АҚШ өнімі дейтін – «Великий уровнитель» қазақтың өзі мен сөзін көрерменге сіңіріп жатыр ма? Түріктің бірсыдырғы, бір желілі, бір-бірінен аумайтын, әбден жауыр болған сериалдары мен орыстың атам заманғы «Поле чудесін» айтпай-ақ қойдық», — деп шүйлікті Usbanov телеграм арнасы.

Қазақ телеарналары, сонда қазақ контенті қайда? Қазақ өнімі қайда? Қазақ киносы қайда?

Қазақ тілінде түсірілген қазақ арналарының өнімдері қайда? Бағдарламалар, сериалдар қайда? Млрдтап ақша бөлінеді. Арналарда жүздеген мықты мамандар бар. Бірақ мына рейтингте бір өнім жоқ. Қазақ тіліндегі сериал, бағдарлама жоқ. Бұл өте нашар деген сөз. Арналардың рейтингке кіретін қазақ тілдегі бір өнім жасай алмауы – қазақ тілді қоғамның санасы үшін күрестегі жеңілістің бір көрінісі.

«Елде қазақ тілді ортаның саны орыс тілді ортадан әлдеқайда көп. Бірақ мына ондықтың ішінде бір ғана қазақ тіліндегі өнім тұр, оның өзі түріктің аударма сериалы. Нашар…Өте нашар…Бюджеттен млрдтап ақша алатын арналар көп, бірақ нәтиже жоқтың қасы сияқты. Бәлкім, басқа рейтингтерде көрсеткіш жақсы шығар, алайда мынаны көріп көңілім түсіп қалды. Мен Қазақстандағы арналар шығарған қазақ тіліндегі өнімдер рейтингтің көш басында тұр деп ойлап жүрсем», — деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Айта кетейік, 2025 жылға арналған бюджетте әлеуметтік салаға 9,6 триллион теңге бөлінеді делінген. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын қамтиды. Ал 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал дайындалып көрсетілген екен. Биыл 14 жаңа ұлттық кинотуынды және 10 анимациялық жоба жрық көреді деген болжам бар. Ал мемлекеттік тілді дамытуға шамамен 1,7 миллиард теңге бөлу қарастырылған.