Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, ел бірлігі – күллі қазақтың және барша этностың бірлігі деп хабарлайды Ozgeris.info
– Қазақ халқы тарихи кезеңдерде миллиондаған өзге ұлт өкілдерін жатсынбай қабылдап, бауырына басты. Қазір олардың ұрпақтары Қазақстанның адал азаматтары атанып, ел дамуына үлес қосып жатыр. Тәуелсіздіктен кейін шетелдегі қандастарымызға оралу мүмкіндігі туды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бүгінде 4 миллионға жуық отандасымыз шетелдерде өмір сүріп жатқанын еске салып, олардың көпшілігі ана тілін, дәстүрін сақтап, Наурыз мерекесін атап өтетінін айтты. Оның сөзінше, отбасы құндылықтарын нығайту – қоғам тұрақтылығы мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі.
– Биыл Наурыз мейрамын жаңа тұжырымдама аясында ерекше атап өттік. Бұл – халқымыздың рухын, тарихын, мәдениетін көрсететін мереке. Пасха мейрамының православ және католик қауымында қатар келуі де бейбітшілік пен татулықтың белгісі, – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанда этностардың дәстүрлері мен мейрамдарының үйлесім табуын Батыстағы оқшаулану үдерістерімен салыстыра отырып, еліміздің бірегей болмысын атап өтті.
– “Наурыз”, “Масленица”, “Сабантой” сияқты мерекелер – тек көңіл көтеру емес, олар халықтың рухани байлығын танытатын маңызды шаралар. Бұл – “Бірлігіміз – әралуандықта” деген қағидаттың көрінісі, – деді ол.
Мемлекет басшысы көрші елдермен достық қатынастарға да тоқталып, Қазақстанның Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан елдерімен қарым-қатынасы бауырластық пен сыйластық негізінде дамып жатқанын айтты.
– Бейбітшілік пен тұрақтылық – жай ғана сый емес, елдің бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз осындай ауызбіршілігімізбен кез келген сынақты еңсере аламыз, – деді Тоқаев.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру