«Қаржылық афера және құнды қағаздардың бағасын қолдан көтеру»: Олигарх Турлов алаяқ па?

Фото: коллаж ozgeris.info

Қазақ қоғамы Тимур Турлов туралы ащы шындықты ашық айта алмайды. Ешбір журналист те, блогер де оған батылы жетпейді. Осы ретте Әсел Темірова есімді қоғам белсендісі олигарх Турловтың бетпердесін шешіп тастады.

Ozgeris.info тілшісі келтірілген нақты дәлелдерді негізге ала отырып, олигархтың былықтарын жазады.

Hindenburg Research деген қаржы нарығының былықтарын әшкерелейтін беделді ұйым бар. Бұл компания түрлі компаниялардың бизнесінде алаяқтық белгілерін, қаржылық махинацияларды, жалған есептілікті және басқа да заңбұзушылықтарды анықтаумен айналысады. Тергеуден кейін олар егжей-тегжейлі есептер жариялап, сол компаниялардың акцияларының құлдырауына бәс тігеді (short selling). Олардың есептері нарыққа үлкен әсер етіп, нысанаға алынған компанияларға ауыр соққы жасайды.

2023 жылдың тамыз айында Hindenburg Research аналитикалық компаниясы Freedom Holding Corp. компаниясын түрлі қаржылық заңбұзушылықтар, соның ішінде санкциялардан жалтару, кірістерді жалған көрсету, клиент қаражаттарымен тәуекелді операциялар жүргізу және нарықтық манипуляциялар жасау бойынша айыптаған есеп жариялады. Осы тексерістен кейін Freedom Holding акцияларының құны айтарлықтай төмендеп кетті.

Кейін Bloomberg өз тергеуін жүргізіп, Қазақстанның реттеуші органдары да Freedom қызметінде күмәнді схемаларды анықтағанын хабарлады.

2023 жылы билік Freedom Holding мемлекеттік құнды қағаздардың бағасын қолдан көтерді деп айыптап, айыппұл салған. Яғни, Bloomberg және Hindenburg Research айып таққан қаржылық махинациялардың орын алғанын Қазақстан билігі де растады.

Қарапайым тілмен айтқанда, Freedom Holding Қазақстанның мемлекеттік облигацияларының бағасын қолдан көтерді деп айыпталған.

Бұл қандай облигациялар деген сұрақ туындайды. Бұлар ҚР Қаржы министрлігі шығаратын, теңгемен (₸) номинацияланған құнды қағаздар.

Қазақстан үшін қандай қауіп төндіреді?

Егер облигациялардың бағасы жасанды түрде көтерілсе, ерте ме, кеш пе, олар күрт арзандауы мүмкін. Бұл басқа инвесторларға зиян келтіреді. Одан бөлек Қазақстанның қаржы нарығына деген сенімді әлсіретеді. Яғни, ел экономикасына үлкен қауіп төнеді.

Турлов бұл әрекетке не үшін барды?

«Менің ойымша, жауабы айдан анық. Жасанды өтімділік иллюзиясын жасау арқылы инвесторларды тарту және осы активтерге деген сенімді арттырғысы келді. Құнды қағаздарды олардың нақты құнынан қымбатқа сату арқылы көбірек табыс тапқылары келді. Облигацияларды несие алу үшін кепіл ретінде пайдалануды да ойлаған. Яғни, қымбат активтерді кепілге қоя отырып, көбірек несие беру», — деп жазды Әсел Темірова.

Турлов не деп ақталды?

Тағылған айыптарды шайып-жою үшін Турлов тәуелсіз тексерісті жалдады. Оның нәтижелері 2024 жылдың ақпан айында жарияланды. Компанияның мәлімдемесіне сенсек, Hindenburg Research жасаған есеп расталмаған-мыс.

Алайда, 2023 жылдың қазан айында АҚШ Әділет министрлігі мен Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) Freedom Holding-ке қатысты тергеу бастағаны белгілі болды. Тергеу инсайдерлік сауда жасау және санкцияға іліккен тұлғалармен байланысы бар офшорлық филиалдармен жұмыс істеу күдіктеріне байланысты жүргізілді.

Сонымен қатар, 2024 жылдың ақпан айында Bloomberg агенттігі Қазақстанның қаржы реттеушісі Freedom Holding қызметінде мемлекеттік қарыз нарығындағы манипуляциялармен байланысты күмәнді схемаларды анықтағанын хабарлады. Атап айтқанда, брокерлерге белгілі бір бағалы қағаздармен мәміле жасауға тыйым салынды, өйткені бұл бағалы қағаздар 13 манипуляцияға қатысы бар деп күдіктелген фирмамен байланысты болған.

Тимур Турлов бұл айыптауларды негізсіз деп атап, компанияның әрдайым заң аясында жұмыс істегенін және барлық нормативтік талаптарды сақтайтынын айтып ақталған еді. Дегенмен, Hindenburg Research-тің айыптауларын растамаған тәуелсіз тексеруге қарамастан, бұл компанияның қызметінің ашықтығы мен сенімділігі әлі де күмән тудырып отыр.

Мысалы әлеуметтік желіде Freedom банкіне қатысты тың ақпарат шыққан еді. Біз бейресми, бірақ толық зерттелген талдау туралы жаздық. Оқи отырыңыз: Freedom bank: Қаржы әлемінің данышпаны ма әлде қауіпті мина ма?

Тағылған айыптарға қарамастан, Турлов бизнесін белсенді түрде дамытып, түрлі жобаларға инвестиция салуын жалғасытырып келеді. Одан бөлек нарықтағы позициясын одан әрі нығайту үшін блогерлерге ақша төлейтіні туралы бұдан бұрын жазған едік.

Оқи отырыңыз: «Freedom валютасы теңгеден көп пайда әкеледі»: Тимур Турлов блогерлерге қанша төлейді