Қаржы жүйесі ретке келтірілмесе, зейнетақы, білім беру және денсаулық сақтау салалары дағдарысқа ұшырайды

Фото: ЖИ

Салық мәселесін қысқа мерзімде шешу оңай емес, бірақ реформалар бүгін керек. Бұл туралы сарапшылар пікір білдірді. Ozgeris.info тілшісі салық реформасының қажеттілігі мен алдағы өзгерістерге сараптама жасайды.

Біріншіден, мемлекет қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жауапкершілік пен саяси ерік-жігер танытуы қажет дейді экономист Алмас Чукин. Егер мемлекеттік қаржы жүйесі ретке келтірілмесе, әлеуметтік бағдарламалар, зейнетақы, білім беру және денсаулық сақтау салалары дағдарысқа ұшырауы мүмкін.

Екіншіден, салық реформасын популизм деңгейінде қарастырмай, нақты экономикалық талдауға сүйену керек. Қазір қоғамда мынадай пікірлер жиі айтылады:
•«Коррупцияны тоқтатса, бәріне ақша жетеді»
•«Шенеуніктерді қысқартып, артық шығындарды жойсақ, бюджет толады»
•«Олигархтар, банктер мен шикізат секторынан көбірек салық алу керек»
•«Ұлттық қордағы ақшаны пайдалану керек»
•«Шағын және орта бизнесті жайына қалдырып, салықты тек ірі бизнеске салу керек»
«Бұл идеялардың кейбірінде шындық бар, бірақ оларды жүзеге асыру жалпы жүйелік мәселелерді шешпейді», — деді Алмас Чукин. 
Негізгі проблема – әділетті салық жүйесінің болмауында. Бүгінгі таңда Қазақстандағы салық жүйесі тиімсіз дейді сарапшылар.  Бізде төмен корпоративтік және жеке табыс салығы бар, бірақ еңбекақы қорына салынатын салықтар жоғары. Ірі бизнес ҚҚС жүйесінде жұмыс істейді, ал көптеген шағын кәсіпкерлер жеңілдетілген режимді пайдаланады. ҚҚС-тан босатылған айналым шегі 15 млн теңгеге дейін төмендетілсе, бұл 30% ШОБ-қа әсер етеді.
Егер ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16-20%-ға дейін көтерілсе, ал шағын бизнес бұрынғыдай 3-4% төлесе, онда кәсіпкерлердің көпшілігі салықты оңтайландырудың түрлі тәсілдерін іздейді. Бұл адал жұмыс істейтін бизнесті одан әрі қиын жағдайға қояды.
ҚҚС мәселесін қарапайым мысалдар арқылы түсіндірейік. Мысалы екі наубайхана бар. Біреуі ҚҚС-сыз жұмыс істейді. Ол базардан ұнды 100 теңгеге сатып алып, нанды 206 теңгеге сатады (оның 3%-ы салық). Екіншісі ҚҚС төлеуші. Ол ұнды 100+12=112 теңгеге сатып алып, нанды 224 теңгеге сатады (12% ҚҚС-пен).
Нәтижесінде, ҚҚС төлейтін бизнес бағасы жоғары болғандықтан, бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Егер ҚҚС 20% болса, жағдай одан әрі қиындайды. Демек, салық реформасы – тек ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту мәселесі емес. Бұл бүкіл экономикалық жүйенің тұрақтылығына әсер ететін күрделі процесс. Салық жүктемесі әділетті бөлінуі керек. Шағын және ірі бизнес арасындағы алшақтықты азайту маңызды. Көлеңкелі экономикамен күресуді күшейту қажет.

Қазақстандағы салық жүйесі мен салық мәдениеті қандай деңгейде?

Салық мәдениеті дегеніміз азаматтар мен бизнестің салық төлеу маңыздылығы туралы түсінігінің деңгейі, сондай-ақ олардың осы қаражатты қайта бөлу мәселелерінде мемлекетке деген сенімі.

Егер қоғам салықтардың нақты қажеттіліктерге, атап айтқанда, инфрақұрылымды, медицинаны, білім беруді, әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жұмсалатынын түсінсе, онда салық тәртібі жоғары болады.

Салық төлеушілер бюджеттің тиімсіз жұмсалуын, жемқорлықты көрсе, бұл сенімсіздікке әкеледі және олар көлеңкеде қалуға әрекеттенеді. Ел экономикасы үшін жоғары салық мәдениеті тұрақты бюджеттік түсімдерді, салық жүктемесінің шамадан тыс өсуінсіз мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігін, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуалды білдіреді.

Сарапшылар Қазақстандағы салық мәдениетінде бірқатар мәселелер бар екенін айтады. Негізгі мәселе – салық жүйесінің ашық еместігі, күрделі ережелер және заңнаманың жиі өзгеруі. Бұл тіпті тәжірибелі бухгалтерлер мен кәсіпкерлерді шатастыруы мүмкін.

 «Салық – мемлекетті қаржыландырудың негізі. Соның есебінен жолдар, мектептер, ауруханалар салынып, әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады, елдің қорғаныс қабілеті қамтамасыз етіледі. Егер салықтар толық төленбейтін болса, салдары қиын. Екіншіден, адал салық төлеушілерге жүктеме артып келеді. Азаматтар мен бизнес салықтан жалтарған сайын, адал салық төлеушілер үшін мөлшерлемелер соғұрлым жоғары болады», – дейді сарапшы Максим Барышев.

Айтуынша, салық жүйесі инвестициялық климатқа да әсер етеді.

 «Тұрақты әрі әділ салық жүйесі – бюджетті толықтыру мәселесі ғана емес, ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін фактор», – деді Максим Барышев.

Сала маманы әлемде салық жүйесі тиімді жұмыс істеп жатқан елдерді атады. Олардың қатарында Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия, Сингапур, АҚШ пен Канада бар.

Сарапшының сөзінше, мұндай жүйелердің табысқа кенелуінің артында салық жүктемесі, әкімшілендіру сапасы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімі арасындағы тепе-теңдікте жатыр.

 «ҚҚС туралы айтсақ, бұл – жанама салық. Ол көп жағдайда қарапайым адамдарға көбірек әсер етеді, себебі ол тауардың құнына салынып, оны соңғы тұтынушы төлейді. Адам неғұрлым аз ақша табатын болса, соғұрлым табысының негізгі бөлігін бастапқы қажеттіліктегі тауарларды тұтынуға жұмсайды, демек, ол мемлекетке ҚҚС түрінде пропорционалды түрде көбірек береді. Бұл салықтың өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына сөзсіз әсер етеді. Дегенмен, жаңа Салық кодексімен жұмыс істеу барысында бизнес пен экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесетін теңдестірілген шешімдерді табуға болады деп үміттенемін», – деді ол.

Депутат Азат Перуашев өзінің Телеграм арнасында «Ақ жол» фракциясы қосылған құн салығының шегін өзгеріссіз қалдыруды ұсынғанын жазған болатын. Айтуынша, партия қосылған құн салығының шегіне қатысты түзетулерін Үкіметке жіберген.

Қазір қосылған құн салығына байланысты нақты шешім қабылданбады. Үкіметтің ұсыныстары Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Еліміздің белді экономистері салық рефоормасы бойынша Мәжіліс қабырғасында өткен дөңгелек үстелге қатысып, Үкіметтің салық реформасы жолындағы логикасы, бизнестің болжамды моделі талқыға салынған. Жалпы, мемлекеттің өміріне қатысы бар осындай келелі шешімдер билік тарапынан қабылданбас бұрын осылай білікті мамандармен талқыланғаны өте дұрыс дейді Айбар Олжаев.

Экономист, Visor Kazakhstan инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі Алмас Чукин Қазақстан экономикасының сырқат екені, және оны емдеу үшін қатаң шаралар қажет екенін айтты. Үкіметтің халық пен бизнеске ұнамайтын қадамға не үшін барғалы отырғанына түсінік берді.

«Бауырды емдеуге кіріспес бұрын, алдымен жалпы ағзаның жағдайын бағалау керек. Біз мұнда жиналуымыздың себебі – біздің «пациентіміз» анық сырқат. Соңғы бес жылда бюджеттік шығыстар мен кірістер арасындағы айырмашылық күрт ұлғайып келеді. Әзірге біз Ұлттық қордан алынған «ауырсынуды басатын дәрілердің» арқасында ғана өмір сүріп жатырмыз. Шынайы ем қабылдаудың орнына, ауырсынуды уақытша басып, болашақ ұрпақтың ақшасын алып отырмыз», — деді, Чукин.

Оның сөзінше, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мен бюджет тапшылығын қысқарту шаралары сөзсіз жүзеге асырылуы керек, өйткені ел экономикасы қауіпті шекке жақындап қалды.

«Ұсынылып отырған өзгерістерді мен қолдаймын, өйткені бұрыннан бері теңгерімді сақтау қажет екенін айтып келемін. Барлық болжамдар бойынша, бес жылдан кейін біз толыққанды әлеуметтік-қаржылық дағдарысқа тап боламыз. Бюджет кірістері мен шығыстары арасындағы айырмашылық 10 трлн теңгеге жетпеуі тиіс», — деді ол.

Ал Жақсылық Күлекеевтің ойынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру Ресеймен бәсекелестік үшін қажет. Қазіргі 12% мөлшерлеме Қазақстандық тауар өндірушілер үшін Ресеймен ортақ кедендік аймақ аясында бәсекелестікке қабілетсіз жағдай қалыптастырады, өйткені Ресейде ҚҚС 20%-ды құрайды.

Күлекеевтің түсіндіруінше, ресейлік өндірушілер Қазақстанға тауар экспорттағанда, оның құнын 20%-ға (ҚҚС мөлшеріне) төмендетеді, ал қазақстандық компаниялар небәрі 12%-ды ғана қосады. Нәтижесінде 8%-дық айырмашылық қазақстандық өндірушілерді тиімсіз жағдайға қояды.

Енді депутаттар сарапшылартың пікірін тыңдағаннан кейін, ел бюджеті мен экономикасын емдеуге мүмкіндік беретін шешімдерге тоқтауы тиіс.

ҚҚС мәселесі мен бюджет тапшылығы қоғамда қызу талқыға салынып жатқан уақытта, биліктің назары блогерлер мен ірі құрылыс компанияларына ауысты. Естеріңізде болса, мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогер мен инфлюенсерді кірістерін жасырды деп айыптаған еді. Комитет мәліметінше, олар 2022-2023 жылдар аралығындағы табыстарын дұрыс көрсетпеген. Бұл қаражатты анықтау үшін камералдық бақылау жүргізіліп, салық декларациялары тексерілген. Құпия тізімді журналист Михаил Козачков жариялаған. Ол тізімде Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Баян Алакөзова, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Әлібеков, тағы басқа да танымал жұлдыздар мен, блогерлердің есімі жазылған.

Ресми ақпарат бойынша өткен жылдың 9 айында блогерлер 1,2 млрд теңге салық төлеген. Бұл ресми тіркелген 745 блогердің қазынаға құйған қаржысы. Есіңізде болсын, егер Instagram, TikTok, Youtube әлеуметтік желілерінде 20 мыңнан асатын оқырманыңыз болса, сізде салық төлеуге міндеттісіз.

Ал нарықты жаулап алған екі құрылыс компаниясына не болды? Үкімет басшысы Олжас Бектенов қос компания миллиардтап пайда тауып, тиындап салық төлейді деген. Осылайша екі ірі компанияға екі апта уақыт берілді. Үкіметтің қара тізімінде үлкен бизнес өкілдерінің бәрі бар. Егер алпауыттар ақшасын ашық көрсетпесе, мемлекеттік машинаны іске қосып, қолда бар ресурстың бәрін пайдаланамыз деп ышқынып отырған.

Осылайша билік білек сыбанып кіріскен тексерулер биыл салық трансформациясына әкеледі дейді сарапшылар. Енді ірі болсын, кіші болсын кез келген кәсіпкердің салық мәдениеті жоғарылайтын болады.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, биыл бұған дейін жасырылып төленбей жүрген салықтың кем дегенде 40 миллиард теңгесі қайтатын болады. Оның 16 миллиардын ірі құрылыс компаниялары берсе, қалғанын басқа салалардағы компаниялар, ірі ресторан желілері, караокелер мен блогерлер жинап бермек. Демек салық реформасы тек қана жаңа Кодексті қабылдаумен аяқталмайды. Негізгі реформа психология тұрғысында жүрмек. Бизнес бәрібір салықтан жалтара алмайтынын, дер кезінде салық төлесе ғана тыныш ұйықтай алатынын түсіне бастады.

Бұл әлеуметтік жүктемесі халық саны өскен сайын, жылда индексация жасаған сайын қарыштап өсіп келе жатқан еліміздің бюджетіне ауадай қажет. Ұлттық қор, басқа да резервтер бұл жыртығымызды жамай алмайтыны түсінікті болды. Өз кезегінде енді бизнес те өзі төлеп жатқан салықтың әділ үлестірілуін, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың тиімді жұмыс істеуіне үн қату мүмкіндігіне ие болмақ.