Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы өңір басшысы желідегі парақшасында мәлімдеді, — деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Бүгін Жақсылық Омарды өзімнің бірінші орынбасарым етіп тағайындадым. Жақсылық Мұқашұлының мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар. Ол 6 жыл бойы облыс орталығының әкімі болды.
Оған өңірдің барлық мәселесі мен тұрғынының мұң-мұқтажы жақсы таныс. Оның жаңа әрі жауапты қызметке білімін, күш-жігерін барынша жұмсайтынына сенімдімін», — деп жазды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Instagram-дағы парақшасында.
Репортер телеграм арнасында Жақсылық Омардың аталмыш қызметке тағайындалуына қарсылық білдіріп жатқандар бар.
«Мен бір нәрсені түсінбей қалдым: Жақсылық Омарды қалайша әкімнің орынбасары емес, тіпті тұтас қала әкімі қылып тағайындаған? Қалада көше шамдары жанып тұрғаннан гөрі өшіп тұрғаны көп. Нағыз масқара! Соттармен әлек – халық әкімді сотқа беріп, ұтып жатыр. Жолдар – бөлек бір трагедия. Бір КШТ көпірі неге тұрады, соның өзін жөндей алмай жүр. Ал енді сол даңғойланып алып келген трамвайларының жағдайы не болды? Жұртқа көз қылып алған, бірақ шын мәнінде жолда жүргені нешеу? Саусақпен санарлық. Енді бір “жетістігі” – жол қиылысындағы оңға бұрылатын съездер. Бірақ оның өзінде де кей жерлерде ми ашитын жағдай. Сонда осының бәрінен кейін Омарды әлі де лауазымда ұстап отыру – не деген саяси соқырлық?», — деп жазылған.
Жақсылық Омар кім? Қайдан шыққан? Не істеген?
Жақсылық Омар – Шығыс Қазақстан тұрғындары мен елдегі саяси ахуалды мұқият бақылап жүргендерге жақсы таныс тұлға. Алайда көпшілік азаматтар үшін ол әлі де беймәлім. Сондықтан, оның “қожалығы” туралы айтпас бұрын, шағын анықтама берейік.
Ол 1980 жылы Қазақ КСР-інің Талдықорған облысына қарасты Үшарал ауылында дүниеге келген. Ресми өмірбаянына қарағанда, 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, ал 2018 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМТУ-ды тәмамдаған. Экономика ғылымдарының магистрі деген атағы бар. Карьерасы аса қарқынды болмаса да, біртіндеп жоғарылап отырған.
2001–2005 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеген. Одан кейін күтпеген жерден мамандығын өзгертіп, Қаржы министрлігінде еңбек еткен. 2007–2009 жылдары “Қазақстан” телерадиокорпорациясының ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары болған, кейін “Арна Медиа” Ұлттық ақпараттық холдингінде бас менеджер қызметін атқарған.
Мансаптық шын өрлеуі 2009 жылы басталды. Сол жылы Омар мемлекеттік қызметке қайта оралып, ШҚО әкімінің көмекшісі болды (ол кезде облысты Бердібек Сапарбаев басқарған). 2010–2011 жылдары ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысы, одан соң 2013 жылға дейін мәдениет басқармасының басшысы болған. 2013–2016 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары, кейін 2018 жылға дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Кейін 2018 жылы Өскемен қаласының әкімі болып сайланып ол орында алты жыл отырды.
Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең ұзақ уақыт бойы облыс орталығын басқарған әкімдердің біріне айналды. Сол жылдары Өскемен тұрғындары Жақсылық Омарды сотқа беріп, жеңіп шыққаны туралы ақпарат та тарады.
Тағы бір қызық жайт: Жақсылық Омар кей суреттерде қоғамда даулы пікірлерімен танымал Мұхамеджан Тазабекпен бірге түсіп қалған. Ол кезде Тазабек “рухани-ағартушылық” бағыттағы «Talim TV» арнасының басшысы еді.
Бұған дейін Ulysmedia.kz Тазабек туралы оның тұңғыш президенттің істі болған жиені Қайрат Сатыбалдыға жақын тұлға екенін жазған. Әрине, Тазабек пен Омар бір іс-шарада қатар тұрып қалған болуы да мүмкін. Бірақ ел аузында жүрген адамдармен әкімнің бір кадрда қатар жүруі сол кездегі халықтың күдігін туғызғаны анық.
Қалай болғанда да, Жақсылық Омардың ар жағында шешілмеген мәселелері жеткілікті болды: халық наразылығы, отставкасын талап еткен петициялар, сотта жеңілген істер. Тіпті қала көшелерінде оның отставкасын талап еткен постерлер ілініп, ақыры жылы орынын суытқан еді. Ал бүгін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып қайтадан жұмсақ орындыққа жайғасты.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру