Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игерумен айналысатын «Карачаганак Петролеум Оперейтинг» консорциумына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 739 миллион теңгеден астам айыппұл салынды деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі ORDA.kz порталына сілтеме жасай отырып.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында консорциум нысандарында зиянды заттардың ауаға рұқсат етілген мөлшерден артық тасталғаны және қалдықтардың заңсыз төгілгені анықталған. Жалпы көлемі — 264 тонна ластаушы зат.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде «Карачаганак Петролеум Оперейтинг» компаниясына 739,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, бұл сома толықтай төленді.
Айта кетейік, Karachaganak Petroleum Operating B.V. — Қарашығанақ кен орнын игеретін халықаралық консорциум. Оның құрамында «ҚазМұнайГаз»-дан өзге, әлемдік жетекші компаниялар — Shell, Eni, Chevron және «Лукойл» бар.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру