Қарағанды шахтасындағы қаза: Жәбірленушілер айыпталушылардан моральдық өтемақы талап етті

Фото: mvc-apatit.com

Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада 46 кеншінің өмірін қиған жарылысқа қатысты атышулы іс бойынша өткен сот отырысында жәбірленушілер айыпталушылардан моральдық өтемақы өндіруді талап етті, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі KazTAG порталына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, кейбір жәбірленушілер моральдық зиянды өтеуді бірлескен тәртіпте өндіру туралы азаматтық талап қойған. Бұл өтемақы сомасы ондаған миллион теңгені құрайды. Сот оларды азаматтық талапкер ретінде таныды.

Сонымен қатар, талап арыз берген жәбірленушілердің бірі соттан айыпталушылардың мүлкіне тыйым салуды сұраған. Алайда, сот талап қоюшы нақты дәлелдер келтірмегенін алға тартып, бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Айта кетейік, сот алдына 10 адам – шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық құрам өкілдері шықты. Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, бірнеше адамның өліміне алып келу) бойынша айып тағылған. Бұл бап 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сот процесі Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданының №61 мекемесінде өтіп жатыр. Істі судья Бахтияр Ақанов қарап жатыр.

Аталған іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылған. Қаза болғандардың туыстары бұған дейін шахта басшылығымен қатар «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының да жауапқа тартылуын талап еткен еді.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні Костенко атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан 46 кенші қаза тапты, тағы 28 адам жарақат алды. Бұл — «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басқарып тұрған 30 жыл ішіндегі ең ірі өндірістік апат болды. Осы қайғылы оқиғадан кейін билік компанияның иесі мен инвесторын ауыстыру туралы шешім қабылдады.