Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 20,5 млн теңгеге қызметтік көлік сатып алды.
Келісім туралы ақпарат мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланды.
Ресми мәліметке сәйкес, автокөлік «Hyundai Premium Karaganda» ЖШС-нен сатып алынған. Бұл компания Қарағандыдағы «Hyundai» ресми дилері болып табылады. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұловқа тиесілі «Астана Моторс» холдингінің құрамына кіреді.
Техникалық сипаттамалар құжатында автомобильдің түсі сұр, шығарылған жылы – 2025 жылдан ескі болмауы көрсетілген. Қозғалтқыш көлемі 2,5 GDI-ден аспайды. Көлік класы – D.
Қызметтік көлік сатып алу туралы хабарландыру 18 ақпанда жарияланып, екі күннен кейін келісім жасалған. Тендерге басқа компаниялар қатыспаған, ал сатып алу рәсімі – жарамсыз деп танылған сатып алулар негізінде бір қолдан жүргізілген.
Еске сала кетсек, қаңтар айында өткен кеңейтілген үкімет отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті қаржыны үнемдеуге және оны ең өзекті мәселелерді шешуге ғана жұмсауға шақырған болатын.
Мемлекет басшысы сол кезде «белді бекем буып, қаражатты ұқыпты пайдаланатын уақыт келгенін» айтқан еді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру