Қайрат Сатыбалдының балаларының есімі қашалған білезікті аукционға қойылды

«КУВА» ЖШС әйгілі Tiffany, Chopard және Marco Bicego брендтерінің қымбат зергерлік бұйымдары бар 63 лотты саудаға шығарды.

Аукциондар 4, 5, 6 және 7 наурыз күндері сағат 10:00-де өтеді. Зергерлік бұйымдардың бағасы ондаған миллион теңгеге жетпейді. Кейбірін 129 189 теңгеге сатып алуға болады. Көбіне әйелдерге арналған әшекейлер, соның ішінде сақина, сырға, алқа мен білезік сатылымға қойылған. Ең қымбат лот – ақ алтыннан жасалған, бриллиантпен көмкерілген De Beers сырғасы, оның құны 158,1 млн теңге.

Кейбір бұйымдарда бағалы тастар жоқ, бірақ сызат, майысқан жерлері бар немесе толық жиынтықтан бір сырға сияқты бөлшектер жетіспейді. Барлық әшекейлер сары және ақ алтыннан, платина немесе күмістен жасалған. Ал қайтарылған активтердің ішінде бриллиант, сапфир, зүбаржат, аквамарин және бірюза тастарынан жасалған бұйымдарды кездестіруге болады.