Президент ҚҚС мөлшерлемесі туралы: Мемлекет пен бизнеске оңтайлы шешім қажет

Токаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке мөлшерлеме мәселесін қосымша пысықтауды тапсырды.

«Кез келген жаңашылдық жан-жақты талдау мен ойластырылған стратегияға негізделуі тиіс. Экономиканың салалық ерекшеліктерін ескеретін түрлі нұсқаларды қарастыру қажет. Бұған дейін бұл мәселе жөнінде пікір білдірген жоқпын, себебі қызметтік мәртебеме байланысты әрбір сөзім тікелей тапсырма ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ қазір өз ойымды айтқым келеді. ҚҚС мөлшерлемесі сараланған болуы керек», – деді президент.

Мемлекет басшысы оның жоғарғы шегін Үкімет нақты есептеулер негізінде айқындауы тиіс екенін атап өтті.

«Мен мұнда білікті, қайта айтамын, білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің және, әрине, депутаттардың пікірін ескеру керек деп есептеймін», – деді ол.

Токаев Үкімет ұсынған мөлшерлеменің тым жоғары болғанын атап өтті.

«Қоғамның реакциясы өте өткір болды, кей жағдайда шамадан тыс қызу пікірлер айтылды. Бірақ бұл алдын ала ұсыныс еді, ол талқылауға жататын мәселе. Үкімет бұл бағыттағы жұмысын барлық тараптардың – бизнес, қоғам, кәсіпкерлер мен сарапшылардың пікірін ескере отырып жалғастыруы тиіс. Біз биыл нақты шешімге келуіміз қажет. Қайталаймын: Үкімет бұл мәселені депутаттар мен сарапшылармен жан-жақты талқылауы керек», – деп түйіндеді президент.