Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөзге сілтеме жасап.
«Мен Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиістігін баса айтты.
«Болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады», — деді Президент.
Үкіметте практикалық жұмыс тәжірибесі бар дайын кадрлар болуы керек. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Президенттің былтырғы жылдың 16 наурызындағы Жолдауын іске асыру бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты сөйлеген сөзінде айтқан.
«Мемлекет басшысының «Болашақта тек көпшілік дауысқа ие болған саяси күштердің ғана емес, басқа да парламенттік партиялардың өкілдері Үкіметке келе алады» деген бастамасының маңызы зор.
«Ақ жол» фракциясының осындай ұсынысты қазір де жасап отыр. 2012 жылы «Парламенттік оппозиция туралы» заң аясында да ұсынған болатын, ол заң Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей нұсқауымен сегіз жылдан кейін қабылданған, тіпті, сол кезде Үкімет бұл норманы өткізбей қойған.
Бірақ шындық мынада, демократиялық қоғамда кез келген билік партиясы ерте ме, кеш пе билікті береді. Бұл аксиома.
Сондықтан оппозицияда Парламенттік азшылық партияларына өздерінің кадрлық резервін дайындауға және осы мақсатта Үкіметке өз өкілдерін жіберуге мүмкіндік беру керек», — деді А.Перуашев.
Осы талап туралы «Ақ жол» партиясының Конституциялық реформаны одан әрі дамыту және тереңдету туралы Ұсынысында көрсетілген.
ПІКІР ЖАЗУ