Президент Абу Дабидің Тақ мұрагерімен келіссөз өткізді

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға құрмет білдіре отырып, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы әріптестікке жаңа серпін беретініне назар аударды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ақордаға сілтеме жасап.

Президент атап өткендей, Әмірліктер – Қазақстанның басты серіктестерінің бірі. Екі елдің мақсат-мүдделері өзара үйлесіп жатыр. 2023 жылы тараптар стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойған болатын.

Кездесуде БАӘ Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарында екені айтылды. Өткен жылы Әмірліктерден тартылған инвестиция көлемі екі есеге өсіп, рекордтық деңгейге жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар аясында жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылуын құптады. Бұл құжаттар стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, екіжақты тиімді байланыстарды нығайтуға жол ашады.

Абу Даби мұрагер ханзадасы Қазақстанға деген ерекше ықыласын білдіріп, табиғаты көркем, халқы қонақжай елге әрдайым қуана келетінін жеткізді.

Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян екі ел арасындағы қарым-қатынастың өзара сенім мен қолдауға, ортақ мүдделерге негізделгенін атап өтті. Ол бұл ынтымақтастық тек сауда-инвестициялық салада ғана емес, энергетика, көлік, цифрлық инфрақұрылым мен білім беру сияқты кең ауқымды бағыттарды да қамтып отырғанын айтты.

Тақ мұрагері бүгінгі келісімдер екі елдің алдағы уақытта да бірлескен жобаларды жалғастыруға дайын екенін дәлелдейді деп сендірді.