Премьер-министрдің кортежі әйелді қағып өлтірді

Фото: focus.ua

Армения премьер-министрі Никола Пашинян кортежіне ілескен жол полициясының көлігі Ереванда жүкті әйелді қағып кетті, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Sputnik Армения» сайтына сілтеме жасап. 

Әйелді де, баланы да құтқару мүмкін болмады. Пашинян автоколоннасының құлаған әйелге көмектесу үшін тоқтамағанына ел тұрғындары наразы болды.

Оқиға 26 сәуірде болған. Бірақ бұл оқиғаға бір күннен кейін ғана ел премьер-министрінің аппаратында түсініктеме берілді.

Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары Тарон Чахоян жүкті әйелді колоннаға ілесіп келе жатқан жол полициясы батальоны көлігінің қағып кеткенін айтты.

— Ол кезде премьер-министрдің көлігі 100-150 метр жерде болды. Ол жерден не болғанын көру мүмкін болмады. Бірнеше секундтан кейін премьер-министрдің көлігі сол жерге дейін жетті. Бірақ аз ғана уақыт ішінде ол не болғанын біле алмады. Жолда жатқан әйелді көрген Үкімет басшысы жедел жәрдем шақырып, оқиғаның мән-жайын анықтауды тапсырды. Жедел жәрдем бірнеше минутта келді, — деді Тарон Чахоян.

Оның айтуынша, әйелді полиция көлігі қағып кеткенін премьер-министр парламентке келген соң ғана білген. Одан кейін денсаулық сақтау министрлігі мен құқық қорғау органдарына тиісті тапсырма берген.

— Егер батальон көлігі тоқтаған болса, ол бүкіл колоннаның жылдамдығын бәсеңдетіп, көрші көшелерде кептеліс тудырып, жедел жәрдемнің келуіне кедергі болар еді. Сондықтан халықаралық хаттамалық ережелерге сәйкес, мемлекет басшыларының колонналарына ілесіп келе жатқан көліктердің ешбір жағдайда күтпеген жерден тоқтату құқығы жоқ, — деп түсіндірді премьер-министрдің орынбасары.

Белгілі болғандай, марқұм әйел «Қаһармандарымызды қолдау – Армения» ұйымында жұмыс істеген және Таулы Қарабақта жүзеге асырылған Wings IT жобасын басқарған.

«ozgeris.info».