Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде мобильді қосымшасының аккаунт профиліне террористік ұйымның туын жариялаған. Бұл әрекеті үшін оған қомақты айыппұл салынды.
ҚР Терроризмге қарсы орталығының мәліметінше, бұл фактіні Солтүстік Қазақстан облысы ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында анықтаған.
– Ер адам жариялаған тудың суреті ҚР аумағында тыйым салынған халықаралық террористік ұйымның қызметімен байланысты. Сот шешімімен Петропавл тұрғыны 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды, — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері экстремистік бағыттағы әдебиеттерді заңсыз алып өту әрекетін тоқтатып, интернет арқылы діни материалдарды заңсыз таратудың 5 фактісін анықтаған.
Полиция қызметкерлері діни мазмұндағы тыйым салынбаған ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат орындарында, діни білім беру ұйымдарында және арнайы бекітілген орындарда таратуға рұқсат етілетінін ескертеді.
Фото: pexels.com
ПІКІР ЖАЗУ