«Перизат Қайрат колледжде ұрлықшы болды»: Оқу орындары түсініктеме берді

Фото: instagram.com/01pk

Cу тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінген “Biz birgemiz” қорының негізін қалаушы Перизат Қайратты қаралайтын деректер әлеуметтік желіде таралып кетті. Соның бірі – Перизаттың өзі оқыған колледж жатақханасында телефон ұрлап, оқудан шыққаны туралы ақпарат тарады. “Маңғыстау өнер колледжі” мен Эстрада-цирк колледжіне желіде тараған ақпараттың рас-өтірігін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Stan.kz-ке сілетеме жасап.

“Маңғыстау өнер колледжі” МКҚК Қасенғалиева Перизат Қайратқызының оқу орнына 2006-2007 оқу жылы “Хорда дирижерлік ету” мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданғанын мәлімдеді. Кейін 2008 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне ауысып кеткен.

Алайда оның басқа оқу орнына не себепті ауысып кеткенін айтудан бас тартты.

Екі оқу орнында да Перизат Қайрат бір жыл, бір жылға жетпейтін уақыт оқыған.

Сондай-ақ Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжі Перизат Қайраттың оқудан шығып қалғанын растады.

“Колледж мұрағатынан Перизат Қайрат (Қасенғалиева) туралы келесі мәліметтер табылды. Қасенғалиева Перизат – 2008 жылы ақпан айының екінші жарты жылдығынан бастап, Маңғыстау өнер колледжінен ауысуына байланысты 1-курс “Жеке ән салу” бөліміне бюджеттік оқу түріне қабылданған. “Жеке ән салу” бөлімінің 2-курс студенті Қасенғалиева Перизат 2008 жыл қазан айының 24-нен бастап өз еркімен оқудан шығарылған. П. Қасенғалиеваға академиялық анықтама берілген”, – деп мәлімдеді колледждің баспасөз қызметі.

Фото: Stan.kz

Айта кетейік, желіде Перизат Қайратпен бірге бұрын бір колледжде оқыдым деген бейтаныс қыздың видеосы тарады. Ол өзінің эстрада-цирк колледжінде Перизат Қайратпен бірге оқығанын алға тартты.