Педофилдер мен экстремистерге Қазақстанға келуге тыйым салынды: оларды қалай анықтайды

Аса ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктер Қазақстанға келгенге дейін анықталатын болады, себебі кейбір қылмыстары үшін сотталғандарға енді біздің еліміздің шекарасынан өтуге тыйым салынады. Олардың қалай анықталатынын брифингте ҚР ІІМ өкілі Шыңғыс Алекешев түсіндірді.

«Бұл шекаралық бақылаудан өту кезінде де, шетелдіктер біздің елімізге келгенге дейін де — Қазақстанның шетелдік мекемелері арқылы виза ресімдеу кезінде де тексерілетін болады. Шекарада ақпараттық жүйе бар екенін, оған барлық құқық қорғау органдары кіріктірілгенін және шетелдіктің деректері ІІМ-нің барлық есептері бойынша тексерілетінін атап өткім келеді «, — деді министрлік өкілі.

Шыңғыс Алекешев қазақстандық ақпараттық жүйе ТМД ақпараттық жүйелерінен толықтырылатынын айтты.

«Бізде отандық құқық қорғау органдарының шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы бар. Қылмыстық элементтер анықталған жағдайда біздің елге кіруге тыйым салынады «, — деп аяқтады ол сөзін.