Павлодар облысында өзін атып өлтірген әріптесінің өлімінен кейін полицейлер қызметінен айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Павлодар облысында 22 жастағы полицейдің өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Осы жылдың маусым айында Ертіс аудандық полиция бөлімінің кіші сержанты өзіне оқ атып, көз жұмған.
Павлодар облысының прокуратурасының мәліметінше сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі «Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтіруіне дейін немесе өзiн-өзi өлтіруге оқталуына дейiн жеткiзу, сол сияқты оны өзін-өзі өлтіруге көндіру не соған ықпал ету»бойынша жүргізіліп жатыр. Қадағалау органы қызметтік тексеру нәтижелерін де хабарлады.
«Павлодар облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіп, нәтижесінде Ертіс ауданы полиция бөлімі мен ПД бірқатар қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде кейбіреулері атқарып отырған қызметінен босатылды», — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісіне Павлодар облысы прокурорының орынбасары Ербол Ысқақов.
ПІКІР ЖАЗУ