«Өзекті емес»: Әкім Петропавлдың атауын өзгертуді маңызды мәселе санатынан сызып тастады (ВИДЕО)

Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының атын Қызылжар деп өзгертуге қатысты сұраққа жауап берді, деп жазады Ozgeris.Info.

Әкімнің сөзінше, қаланың атауын өзгерту тақырыбы қазір өзекті емес.

«Менің ойымша, бұл қазіргі таңда өзекті емес. Өйткені бізде абаттандыру, жылумен қамтамасыз ету, әлеуметтік дамуға қатысты басқа да көптеген мәселелер бар. Қазір ол мәселелер екі еселенген. Мен мәселе көтерілмейді деп айтпаймын. Атын өзгертуді жақтайтындар да бар. Алайда қазір уақыты емес деп айтатындар бар. Бұл мүлдем саяси мәселе емес», – деді ол.

Әкім ең алдымен, халықтың пікіріне назар аударатынын айтты.

«Көпшілік атауды өзгертуді қолдаса, бұл мәселені қараймыз», – деді ол.

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Айдарбек Сапаров облыстың әкімшілік орталығы Қызылжар болып қайта аталмайтынын айтқан еді.

Сонымен қатар, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы елдегі аймақтардың атауын қазақша өзгерту идеясын қолдайтын-қолдамайтынын түсіндірген. Сондай-ақ Петропавл қаласының атын өзгерту мәселесін Мәжіліс депутаты көтерген.