Отбасылық бизнес: Ақмола облысындағы секс-притон ұйымдастырушыларына үкім шықты

Фото: shutterstock

Ақмола облысының тұрғыны мен оның азаматтық жары заңсыз кәсіппен айналысқан. Олар клиенттерге өз көршісін жыныстық қызмет көрсету үшін ұсынған.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерлі-зайыптылар жеңгетайлықпен айналысқан. Олар бірге тұратын қызды ақшаға клиенттерге жеткізіп отырған. Ер адам секс-жұмысшыны қорғап, мекенжайларға апарумен айналысқан, ал оның азаматтық әйелі телефон қоңырауларына жауап беріп, сайттарға жарнама орналастырған.

Ұсталғаннан кейін, полиция басқармасында отырған күдікті өзін қылмыстық жауапкершіліктен құтқару және болашақта қорғау үшін полиция қызметкеріне 500 мың теңге пара ұсынған. Бұл туралы полицей басшылыққа хабарлап, күдікті ақша беру кезінде ұсталды.

«Ақмола облысының тұрғыны 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, пара сомасы мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның азаматтық жары 3 жыл 6 айға сотталды», — делінген сот үкімінде.