Отбасы ажырасуы: құндылықтар трансформациясы

Отбасы — қазіргі қоғамның маңызды ұғымдарының бірі, маңызды ұяшықтары мен институттарының бірі және ол қоғамның да, жас ұрпақтың да дамуында маңызды рөл атқарады. 

Әсіресе қазақ халқы үшін, дәстүрлі халық үшін отбасы – көптеген онжылдықтар ішінде өз негізін нық қалыптастырған аса маңызды ұғымдардың бірі. Қазақстандықтардың басым бөлігі әлі де отбасының құндылығы мен маңызын мойындап, отбасын құру/бұзу бойынша дәстүрлі, қалыптасқан көзқарастарды ұстанады. Бірақ ажырасу статистикасы басқа мәселені көрсетеді. Нақтырақ айтатын болсақ, отбасының уақыт өте келе өзгеріске ұшырайтыны анық: белгілі бір факторлардың бірыңғай жүйесінің әсерінен біздің елімізде отбасы ұғымының өзі сияқты, отбасылық құндылықтар да трансформацияға ұшырады.

Мәселен, ХХ ғасырдың басында, некені бұзу таңқаларлық және сирек кездесетін процесс болды, бірақ бүгінде бұл жиі кездесетін феноменге айналды, тіпті енді «ажырасу» термині қоғамда бұрын туындаған эмоциялар мен қорқыныш тудырмайды. Бұл идея соншалықты қарапайым бола бастағандықтан, қазіргі кезде ол қоғамда таңқаларлық және жағымсыз реакция тудырмайды, тіпті кейде некені бұзу — бұл мүлдем әдеттегі әрекет болып саналады.

Ажырасу статистикасы нені көрсетеді?

Ажырасудың ең жоғары көрсеткіштері соңғы жылдары бүкіл Қазақстан бойынша, әсіресе елді мекендерде тіркелді — бұл отбасы мен қоғам қатынастарындағы тепе-теңдікті бұзудың ең маңызды нәтижелерінің бірі. Жалпы, біздің елімізде 2021 жылдың қорытындысы бойынша 59,796 ажырасу тіркелді. Өткен жылғы ажырасуларға келетін болсақ, қазақстандықтардың көпшілігі 2020 жылы ажырасып, тек 1 жылдан 4 жылға дейін некеде тұрды. Мұндай жағдайлар 14,7 мың тіркелді. 5-9 жыл бірге өмір сүргеннен кейін тағы 13,5 мың неке бұзылды. Бір жыл тұрмай, 2,3 мың жұп ажырасқан. Яғни, көріп отырғаныңыздай, ажырасв статистикася жоғарылап өсуде.

Қандай отбасылар ажырасуға бейім?

Екінші мәселе, статистика көрсеткендей, көптеген жас отбасылар аз уақыт аралығында бірге отбасылық қарым-қатынаста тұрып, сайып келгенде ажырасады. Қазіргі кезде  жастардың көп бөлігі үшін жақын болашақта отбасын құру басты мақсат болып табылады және әрбір жас адам үшін ажырамас және қалаған өмірлік қадам болып саналады. Бірақ жақын арада отбасын құруға деген ұмтылыспен қатар, жастардың өз принциптері, ұстанымдары да бар. Қарым-қатынастың бастапқы кезеңінде жастық максимализм, некеге деген қайтымсыз ұмтылыс, сонымен қатар, жастардың көп бөлігінің отбасылық өмірді идеализациялауы олардың жеке көзқарастарына, өмірлік позицияларына көлеңке түсіреді. Осылайша, отбасылық өмір туралы жеткілікті түсінік пен осы мәселе бойынша дайындық болмаса, жас отбасылар материалдық қиындықтар, өмірдегі әртүрлі позициялар және болашаққа деген әртүрлі көзқарастар және т.б. сияқты бірқатар проблемаларға тап болады.

Ажырасу себептері қандай?

Отбасындағы ажырасу себептерікөп және  әркелкі болуы мүмкін. Оларды топтарға да бөлуге болады. Мысалы:

Психологиялық: сезімнің болмауы, психологиялық ауытқу, жан ауруы(депрессия), түсініспеушілік, жеңіл ойлы неке, жаман әдеттер  және т.б.

Экономикалық: материалдық жағдайдың төмендігі, айлықтың аздығы, баспананың болмауы, жұмыссыздық, әйел адамның ер адамнан жоғары айлық алуы, кризис және т.б.

Басқа: қол көтеру, бала туа алмау немесе бала тууға дайын болмау, сатқындық (измена), алкоголизм, нашақорлық және т.б.

«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, қазақстандық қоғамдық даму институтының деректері бойынша, қазақстандықтарға сауалнама жүргізу барысында ажырасудың ең маңызды себебі, респонденттердің көпшілігінің пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылық (сұралғандардың 43,2%) болып саналады. Ажырасуды негіздейтін маңызды себептердің қатарына ерлі-зайыптылардың біреуінің алкоголизмі мен есірткіге тәуелділігі (респонденттердің 39,7%) және опасыздық (35,9%) жатады.[2]

Ажырасумен қалай күресуге болады?

Ажырасу мәселесін болдырмау мақсатында, онымен күресу, оған байланысты іс-шаралар, керек әрекеттер қолдану керек. Ажырасу мәселесін шешу үшін  келесі жолдарды ұсынуға болады:

  1. Отбасылар психологтар, отбасылық коучтармен жұмыс жасау қажет..

  2. Отбасы құру алдында жас отбасылар үшін іс-шаралар мен дайындықтар өткізу.

  3. Жас отбасылардың материалдық жағдайын жақсарту мақсатында программалар жасау.

  4. Неке бұзу процедурасын детальды түрде қиынжату.

  5. Жастардың отбасылық қарым-қатынастарында жауапкершілікті қалыптастыру, отбасы құндылықтарын түсіндіру.

  6. Отбасылық өмір проблемаларын зерделеу жөніндегі өңірлік орталықтарды құру.

  7. Отбасылық конфликттерді реттеудің сотқа дейінгі тетіктерін енгізу, арнайы делдал — медиатордың қатысуымен ерлі-зайыптыларды татуластыру бөлімін құру.

Қорыта айтқанда, отбасы  қоғам үшін де, ел үшін де, адам үшін д өте маңызды. Отбасыны сақтау – адамдар үшін және мемлекет үшін де шарт деуге болады. Ажырасудың алдын-алу үшін белгілі бір қызметтер, жұмыстар атқару орынды.

 

Жамиля Жандельдинова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің

әлеуметтік ғылымдар факультетінің студенті.

 

 

 

 

[1]Ұлттық статистика бюросының деректері негізінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросы негізінде Ranking.kz есептеулері

 

[2] Ranking.kz порталының мәліметі «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының деректері негізінде.