Бүгін қазақ жұрты Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды. Абыз ақсақал Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо порталы.
КТК арнасының сюжетінде қаламгермен қоштасуға келген көпшіліктің жанарынан бір дәуір көшіп өткендей қимастық аңғарылады. Қаралы жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы бастаған игі жақсылар да бір ғасыр жасаған әдебиет алыбының орны ойсырап қалғанын жеткізді. Расында, қазақтың сөз өнерін әлемдік деңгейге көтерген тұлғаның ұлт руханияты жолында атқарған еңбегі шексіз, делінеді КТК телеарнасының арнайы сюжетінде.
Бүгін Әбдіжәміл ағамыз қара жерге жатқан жоқ, бабаларға қайтты. Күні батқан жоқ, шын дүниедегі таңы атты. Әбдіжәміл Нұрпейісов ел есінде, ұрпақтар жадында зиялы, зияткер, көрнекті қайраткер ретінде мәңгілік сақталады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов
Алыптардың соңғы тұяғы Әбдіжәміл Нұрпейісов ел басына туған талай зобалаңды бастан кешірді. Халықты қынадай қырған ашаршылық пен Алаш арыстары атылған нәубет жылдары бұғанасы қатпаған бала, кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Әскер қатарында жүріп-ақ әйгілі «Курляндия» романын жазуды бастады. Әдебиеттегі ақсақалдардың батасын алып, түбегейлі шығармашылық жолды таңдады. Оның қаламынан шыққан «Қан мен тер», «Соңғы парыз» туындылары әлем әдебиетінің жетістігіне баланып, бірнеше тілге аударылды. Ұлылар салған сара жолмен өзі де ұлы тұлғаға, қазақтың Әбесіне айналды.
Қош, Әбеке! Анау ұлыларға барып сөйлесерсің, еліміздегі дүрбелеңді айтарсың. Не болып қалғанын түсінбей қалғанымызды айтарсың. Әнеукүні айта салып едім … Ал, Әбеке, қош бол деп айтпаймын, аман-сау бол! Көп ұзамай артыңнан біз де барамыз, сол кезде соңғы жаңалықтарды айтып барармыз деп едім. Аман-сау болайық. Қазақ бар кезде Әбекең мәңгі есімізде.
Жазушы Дулат Исабеков
Шығармашылық зертханасы ешкімге ұқсамайтын Әбдіжәміл Нұрпейісов әр сөзге сақ қарайтын. Қара сөздің киесі дарыған абыз ақсақал тектілік пен бекзада болмыстың символы іспеттес еді. Тоқсаннан асса да қаламын тастамаған жазушы ақырғы демі үзілгенше әдебиет пен ұлтына адалдық танытты.
Әр халықтың өткені бар, өтетіні бар, келешегі бар. Біз, мынау өткеніміз, менің ұрпағым. Менің ұрпағым қазір тіпті аз қалды. Бұлар тек сендердің тілегіңді тілейді. Үлкен азамат болыңдар.
Кезінде толқыны тулап жататын Аралдан түлеп ұшқан қаламгер кіндік қаны тамған Беларанда мәңгілікке дамылдауды армандаған еді. Бүгін сол туған жерінен топырақ әкелініп, абыз ақсақал Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
ПІКІР ЖАЗУ