Су үшін соғыс жай ғана метафора емес, Орталық Азия елдері үшін шындыққа айналуы мүмкін. Еліміздің оңтүстік өңіріндегі фермерлер жерлерін тастауға мәжбүр. Судың келуін не келмеуін кім бақылап отыр? Су тек ресурс емес, бұл өмір мен қауіпсіздік мәселесі екенін де ескерген жөн. Егер елдер өзара шешімге келмесе, ертең су мәселесі ушығып, қуаңшылық, тасқын немесе тіпті қақтығысқа ұласуы мүмкін. Бұл туралы сарапшылар бірнеше жылдан бері айтып келеді. Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірі мен фермерлердің жанайқайын жеткізуге тырысты.
Орталық Азияда су тапшылығы мен әділетсіз бөлу мәселелері аймақтық тұрақтылыққа қатер төндіруде. Аталмыш елдерде соғыс мұнай мен территория үшін емес, су үшін басталуы ықтимал. Бұл туралы сарапшылар бірнеше жылдан бері дабыл қағуда. Бұл қаншалықты рас? Соңғы кездері «Тәліптер Орталық Азияны сусыз қалдыруы мүмкін», ал «Қырғызстан Қазақстанға су бермейді», «Тәжікстан мен Қырғызстан өзара су үшін таласып жатыр» деген тақырыптардағы жаңалықтар жиі кездесуде. Бұл жай ғана дабыл емес, шындыққа айналып келе жатқан қауіп.
Біз көбіне судың қадірін түсінбей, краннан тегін аға беретін дүниедей көреміз. Алайда мәселенің тамыры тереңде жатыр. Бүгінгі таңда жер шары халқының 40 пайыздан астамы, яғни жартысына жуығы су тапшылығын сезініп отыр. Қазақстан мен көршілес елдер де бұл мәселеге жақындап қалды дейді сарапшылар. Көптеген соғыстар түкке тұрғысыз кикілжіңдерден басталады. Мысалы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы, Баткен шекарасындағы су үшін қақтығыс осының дәлелі. Мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған.
Судың жетіспеуі – табиғи емес, әлеуметтік мәселе
Су тапшылығы кейде мың шақырым қашықтықта салынған су қоймасынан басталуы мүмкін. Бұл туралы егініне су жетпей қалған фермер хабарсыз болуы мүмкін. Мысалы Шымкент маңындағы Мартөбе және Түркістан облысындағы Қарамұрт ауылдарында жер өте құнарлы. Бұрын жеміс-жидек, көкөніс өсетін. Қазір ол жерлер қаңырап бос жатыр. Судың жетіспеушілігінен тек жоңышқа мен бидай өсіреді. Көптеген егістіктер иесіз жатыр. Фермерлер су жетпеген соң жерді тастап кетуге мәжбүр. Мұнда табиғи апат та, жаһандық жылыну да болмаған. Су жетпей жатқанының басты себебі – жергілікті деңгейдегі әділетсіздік. Су тек байланысы бар, лауазымды адамдар мен күштік құрылым қызметкерлерінің қолына өтіп кеткен.
Мәртөбе ауылы. Бай мен кедейдің арасындағы су
Оразалы Кенжебеков есімді жер иесінің айтуынша, бұл мәселе соңғы жылдары ушығып кеткен.
“Бұл біз үшін өте ауыр және жанымызға бататын мәселе. Бұрын қызанақ, қияр, қызылша егіп, өнімімізді қала базарына шығаратынбыз. 2017 жылдан бері су жоқ. Көктемде су қоймасында су толып тұруы керек, ол кезде бір жарым айға жететін су жиналатын. Ол дағдарыс уақытында құтқаратын. Қазір ақша бергендер суды өзіне алып алады. Ал қарапайым халық егінін суара алмай отыр. Бұрын мұнда жүзім де өсіретінбіз, көлемі жағынан Молдовадан кейінгі екінші орында едік. Кезінде пияз да егетінбіз, 70 тонна өндіріп алатын едік. Қазір тек бір рет шабылатын жоңышқа егеміз, өйткені жер құрғап, тікен араласып кеткен. Су болмаған соң, бұрынғы қара топырақты жер құнарсызданып барады. Қытайдың улы қызанағын 1000 теңгеге сатып алуға дейін жағдайымыз нашар.
Бұрын 700 гектар жердің әр гектарынан 50 тоннадан өнім алатынбыз. Есептей беріңіз, бір ауылдан 35 мың тонна жеміс-жидек шығатын. Бұл жай сөз емес, шындық. Сол кезде халық егін егіп, өніп алып, тіршілігін жасайтын. Қалаға да пайдамыз тиетін еді. Қазір сол байлық шіріп жатыр.
Құрғақшылық дегенді жиі естимін. Алайда онымен келіспеймін. Бізде құрғақшылық жоқ. 40 шақырым жерде тауларымыз жатыр, Ақсу өзенінің деңгейі соңғы 20 жылда өзгермеді. Суармалы жерлер азайды, логика бойынша су енді көбірек келуі керек. Алайда қаншама гектар жерлер жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Олардың кім екенін бәрі біледі — шенеуніктер.
Су жүйесінде әділдік жоқ, сол байлар суды өздеріне бұрып алады, ал қарапайым фермерлерге су жетпейді,” — дейді ол.
Көрші Қызылсу ауылында бұрын құлпынай егіп, хош иісі бүкіл ауылға тарайтын. Қазір олар егіншілікті қойып, құрылысқа ауысқанды жөн санайды. Ал Қызылту ауылы сайда орналасқан, бұрын су тез жететін, қазір тіпті Бозарыққа да жетпейді.
«Мысалы 2013 жылдары базардан 1 келі құлпынайды 2500 теңгеге сатып алатынбыз. Ол Израиль елінен келеді. Олардың жері құнарсыз, тас. Соған қарамастан тастың үстіне құлпынай өсіріп, кейін 10 000 шақырым жерден Қазақстанға жеткізіп, бізге сатып отыр. Ал біз табиғат берген бай-құнарлы жерлерімізді жоғалтып алдық. Егер ауыл шаруашылығын дұрыс жүйеге қойса, бізге ешқандай зауыттың да, мұнайдың да қажеті жоқ. Тек халыққа жұмыс істеуге, күнін көруге мүмкіндік берсін. Сонда халық та табысын табады, қала да азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Бар мәселе немқұрайлылық пен ашкөздікте. Көрші ауылдардағы жерлер шенеуніктерге тиесілі, олардың жері судың тым көп болғанынан шіріп жатыр. Бір жағдай болған. Қалталы шенеунік арықты ағашпен жауып, суды өзіне бұрып алған еді», — деп шүйлікті фермер.
Карамұрт ауылы. Отыз жылдық бау-бақша тарихы құрып барады
Шымкенттен 25 шақырым жердегі Карамұрт ауылы да аграрлық дәстүрімен танымал еді. Мұнда қызанақ, бидай, күнбағыс, алма өсірілетін. Қазір ашық далада бидай егілсе, ал қызанақты тек жылыжайда өсіруге мүмкіндік бар. Судың жетіспеуі су каналдарының тозуы мен суды әділетсіз бөлуден туындап отыр дейді сарапшылар. Карамұрт ауылы суды көрші ауданнан алады, ал олар суды өз аумағында ұстап қалғысы келеді. Салдарынан ауданаралық жанжалдар туындап, мәселенің шешілуі қиындап барады. Осындай мәселелердің салдарынан фермерлер егін алқаптарын қысқартып, табысынан да астықтан да қағылып отыр.
“Бұрын жүгері, күнбағыс тағы басқа да дақылдарды гектарлап егетінбіз. Колхоз тараған соң, әркімге аз-аздан жер берілді. Бірақ су жетпеген соң адамдар егіншілікті тастады. Содан бері бұл жерлерде бақша да бақ та егілмейді. Қазір тек мал шаруашылығы қалды. Мәселе он жылдан бері шешілмей келеді. Бізге жоғары жақтан ескі арықпен келетін суды жекеменшік жер иелері жауып тастайды. Біреуге ақша төлейтін шығар, білмеймін, шындығы осы», — дейді ауыл тұрғыны Мұратжан Мұсабеков.
“Бақша егесің, кейін бәрі қурап қалады. Әсіресе жаз айларында су аса қажетті кезде бізге су мүлдем келмейді. Қазір егін егу өзін-өзі ақтамайды. Енді картопты да, пиязды ды сатып алатын болдық», — дейді Орифжон Хайтенов.
Бұл ауылда кезінде алма бағы болатын. Тоннамен өнім беретін. Қазір ол бақтан ештеңе қалмады. Қураған ағаштарды отынға кесіп тастаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл тек астықсыз қалу емес, бұл ондаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрдің жойылуы.
Су тапшылығы – тек оңтүстіктің мәселесі емес
Су мәселесі тек оңтүстікте ғана емес, батыс өңірлерде де өзекті болып отыр. Арал мен Каспий маңында орналасқан аймақтарда да су тапшылығы байқалады. Қазақстан үшін ең үлкен мәселе — елдегі ірі өзендердің бәрі басқа мемлекеттерден ағып келеді. Қытай, Ресей, Қырғызстан, тіпті алыстағы Ауғанстан да еліміздегі су жағдайына жанама түрде әсер ете алады. Қазақстан өзге мемлекеттерге тәуелді. Су ресурстарын бөлу мәселесінде осал күйде қалып отыр.
«Мәселе тек өзен суларын өз қажеттіліктері үшін пайдаланып жатқан шет елдердегі фермерлер жайлы ғана емес. Жағдайға үлкен әсер ететін тағы бір фактор – су электр станциялары. Миллиардтаған текше метр су турбиналар арқылы өткізіледі. Турбиналар айналып, электр қуатын өндіреді. Қарапайым логикамен қарағанда, бұл судың азаюына себеп болмауы керек, өйткені ол қайтадан өзенге құйылады. Алайда мұнда мәселе су көлемінде емес, оны пайдалану уақытына байланысты», — дейді Airan арнасының сарапшылары.
Электр энергиясына деген сұраныс ең жоғары болатын кезең – қыс мезгілі, ал егіншілік үшін су жазда керек. Энергетиктер суды қыста көбірек жібергісі келеді, ал фермерлерге ол жазда қажет. Бұдан бөлек, ірі ГЭС-тер басқа елдерде орналасқан. Мысалы, Жайық өзені өз бастауын Ресей аумағынан алады. Көктемде су тасқыны кезінде су қоймалары толып кетеді де, Ресей артық суды жібере бастайды. Сол кезде өзеннің төменгі жағында орналасқан елді мекендерді су басып қалады. Бұл жағдай әр көктем сайын қайталанып келеді. Ал Ертіс пен Іле өзендерін Қытай басқарады. Осылайша, энергетика мен ауыл шаруашылығы арасында мүдде қайшылығы туындайды.
Сарапшылар жағдайды тым күрделі деп бағалауда.
«Жағдай өте күрделі. Бұл бүкіл Қазақстанды қамтиды. Мысалы, батыс өңірде көктемгі тасқын сулар бар, сол суды пайдаланып, тоғандар мен су қоймаларын жасап, егістік жерлерді суаруға қолдану керек еді. Қазір бірдеңелер жасалып жатқанымен, бұл тым баяу жүріп жатыр. Мұндай шаралар суды үнемдеуге сеп болар еді. Маңғыстау мен Ақтауда су мәселесі өте күрделі. Ақтаудағы ауыз суды ішу мүмкін емес еді. Барлық тұрғындар сатып алатын, яғни бұл – сырттан тасымалданатын су. Ал Жаңаөзенде 2011 жылдары бұл сумен киім де жууға келмейтін. Судың түсі сарғыш-қоңыр болатын, әрі ол күніне тек екі рет берілетін. Қазір Жаңаөзенге су Ресейдің Еділ өзенінен сатып алынып отыр, ол үшін көп қаражат жұмсалады. Біз бұлай ұзаққа бара алмаймыз, басқа жолдарын іздеуіміз керек», — дейді құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Қызылорда облысындағы Арал маңында да мәселе өткір. 90-жылдардан бері Аралды құтқару қоры құрылған, бірақ оған бөлінген қаржы мақсатына сай пайдаланылмаған.
«Біз өзге елдерге тым қатты тәуелдіміз. Мысалы, Батыстағы басты су артериясы – Жайық өзені – бастауын Ресейден алады. Ал оңтүстікте Құштөбе аймағын алсақ, Ауғанстанда Амударияға канал салынып жатыр. Бұл судың үлкен бөлігін бөгеп, Қазақстанды Өзбекстанға ғана емес, енді Ауғанстанға да тәуелді етеді. Біз сондай-ақ Қытайға да тәуелдіміз. Ірі Ертіс өзенін де Қытай басқарады. Қытайда Ертіс бойында белсенді түрде су жиналып, СУАР аймағын суландыру жүріп жатыр, соның салдарынан Қазақстанға келетін су азаяды», — дейді сарапшы.
Маманның пікірінше, елімізде су мәселесі мүлде шешілмей отыр. Бізде тіпті бұл салада ашықтық жоқ.
«Жайықта балықтың жаппай қырылуы орын алды, бірақ оның себебі әлі күнге дейін жария етілмеді. Теңіз мысықтарының (тюлень) қырылуы да Қашаған жобасының іске қосылуымен және теңіз суының сапасының төмендеуімен байланысты болуы мүмкін. Мұның бәрі шұғыл шешімді қажет ететін мәселелер», — деді сарапшы.
КСРО ыдырағаннан кейін өңір елдері трансшекаралық өзендер мен электр энергиясын бөлу мәселелері бойынша келісуге тырысты. Сол кезде ең қуатты су электр станциясы Қырғызстан аумағында орналасқан еді. Бұл – Нарын өзенінде орналасқан Тоқтоғұл су электр станциясы. Нарын – Орталық Азиядағы ең ірі өзендердің бірі саналатын Сырдарияны құрайды. Көрші елдер Қырғызстанға мұнай мен газды арзан бағамен жеткізуге уәде берді. Ал Қырғыз үкіметі қыс мезгілінде Тоқтоғүл СЭС турбинасына шектен тыс су шығармауға міндеттеме алды. Жетпеген электр энергиясын жылу электр станциясы арқылы өндіріп, ол үшін көмір мен газ қолданылуы керек еді. Бірақ Қырғызстанды нақты кім алдағанын айту қиын. Дегенмен елге мұнай мен газ аз көлемде жеткізіле бастады, ал келген көмірдің сапасы төмен болғаны соншама оны жағуға да мүмкін болмаған. Бірнеше сәтсіз келісімдерден кейін Қырғызстан ренжіп, бар уәделерінен бас тартты. Яғни өзіне қажет мөлшерде суды жібере бастады. Соның салдарынан Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Қазақстан мен Өзбекстан аумағын су басты, ал жазда бұл өңірлерде егіс алқаптарын суаруға су жетпей қалды.
Бұған қоса, Тәжікстан да наразылық білдірді. Өйткені оған электр энергиясы бастапқыда уәде етілген бағадан қымбатқа сатыла бастады. Осы жағдайдан кейін Тәжікстан президенті өз электр станциясын салу керек деген шешім қабылдап, Вахш өзенінде Роғун ГЭС салуға кірісті. Вахш – Орталық Азиядағы екінші ірі өзен Амударияны құрайды. Өзбекстан президенті бұл ГЭС салынып бітсе, ел су тапшылығына ұшырап, үлкен дағдарысқа тап болатынын түсінді. Осылайша екі ел президенттері арасындағы дау ушығып, тіпті жанжал төбелеске дейін жеткен. Бұл қақтығыстардың бір бөлігі ғана.
Орталық Азия картасында бүгінде Қамбар-Ата 1 және 2 су электр станциялары пайда болды. Ал Ауғанстанда тәлібтер Қытаймен бірлесіп үш су электр станциясын салу мүмкіндігін талқылап жатыр. Егер осы станциялар іске қосылса, аймақта қандай су апаттары болатынын елестету қиын. Ең өкініштісі трансшекаралық өзендерді пайдалануға қатысты нақты құжаттар әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Тек ниет білдірген келісімдер бар, бірақ нақты бір елдің құқығын немесе кінәсін анықтайтын заңдық құжат жоқ. Сол себепті қайшылық кез келген сәтте, кез келген жерде басталып кетуі мүмкін дейді сарапшылар.
«Орталық Азия су ресурстары шектеулі аймақ. Мұндағы негізгі мәселе — Қырғызстан мен Тәжікстанға жазда электр қуаты қажет, ал төменгі аймақтарға – су. Осындай теңсіздік пен мүдде қайшылығы қарапайым арық, өзен, жайылым үшін жанжалдарға себеп болуда», — дейді Сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономика бойынша тәуелсіз сарапшысы Әлішер Таксанов.
Сарапшының айтуынша, болашақта Орталық Азияда су тапшылығы мәселесі одан әрі ушыға түседі.
«Біріншіден, климаттың жаһандық жылынуы жүріп жатыр, ал бұл судың азаюына әкеледі. 90-жылдары Өзбекстандық сарапшылар 2050 жылға қарай бұл аймақта қатты құрғақшылық болатынын анықтаған. Ал ол мәселе қақтығыстарға алып келеді деп болжам жасаған», — дейді сарапшы.
Су дипломатиясы: қағаздағы стратегия емес, шынайы іс
Сарапшы су үшін қақтығыс кіммен туындауы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
Бірінші кезекте — Ауғанстан. Бұл ел де су қоймаларын салып жатыр, бірақ ешқандай халықаралық құжаттарға қол қоймаған. Оның үстіне, бұл елде 40 жылдан бері соғысып келе жатқан мықты армия бар, сондықтан су мәселесі қарулы жолмен де шешілуі мүмкін. Яғни, алғашқы қақтығыс Ауғанстанмен болуы ықтимал.
Екінші қақтығыс – Қырғызстан мен Тәжікстан тарапынан. Бұл жерде әсіресе Өзбекстан суға қатты тәуелді. Ал Қытай болса, көптеген халықаралық келісімдерге қол қоймаған, сондықтан ол ешқандай ережелерді сақтауға міндетті емес. Ол не өз мүддесін ескеріп құжаттарға қол қояды, не болмаса жобаларға қатысып, басқару мүмкіндігін алады.
«Су үшін қақтығыстардың алдын алу үшін Орталық Азия елдері арасында мемлекетаралық нақты келісімдер қажет. Қауіптер мен болашақ болжамдарды айқындап, су тұтынудың жаңа технологияларын енгізу керек. Өсімдік түрін, суарудың тиімді әдістерін ескеру қажет. Басқа елдердің, мысалы, Араб елдерінің тәжірибесін зерттеу маңызды. Дағдарыс кезінде елдерге жол көрсететін тәуелсіз медиатор қажет», — деді сарапшы.
Қорытындылай келе, Қазақстанға қағаз жүзіндегі стратегиялар ғана емес, нақты әрекетке негізделген су дипломатиясы қажет. Заманауи технология, нақты есеп пен бақылау жүйесі маңызды. Ең бастысы – Орталық Азияда суды кім, қалай және қанша мөлшерде пайдаланып жатқанын ашық талқылайтын уақыт келді. Бөлісетін нәрсе бар кезде, қақтығысты мемлекетаралық та, халықтық деңгейде де бейбіт шешуді үйренуіміз керек.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру