9 тамызда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 9 наурызда Зачаганск кентіндегі жеке үйлердің бірінде болған зейнеткерді айуандықпен өлтіру бойынша үкім шығарды, деп хабарлады «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Еске сала кетсек, сәуір айында кісі өлтірді деген күдікпен 35 жастағы әйел ұсталған еді. Оның үйінен полицейлер қанды киім, пышақ және басқа да айғақтарды тапқан болатын.
Әйел Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Қатыгездікпен кісі өлтіру») және 192-бабы («Тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы тонау») бойынша кінәлі деп танылды. Судья оны 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сотталушы сот залында қамауға алынды.
Сондай-ақ сотталушы қайтыс болған зейнеткердің туыстарына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге тиіс. Соттың бұл шешімімен айыпталушының өзі және оның қорғаушылары келіспеді.
Мені не үшін айыптады? Үйде 4 кішкентай балам күтіп отыр. Мен ол адамды өмірімде көрген емеспін, — деді күдікті әйел.
Сондай-ақ сотталғанның адвокаты Арман Әбдірашит апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты. Бұған дейін ол тергеушілер кінәсіз адамды ұстағанын алға тартқан болатын.
Соттың бұл шешімімен үзілді-кесілді келіспейміз. Бұл қылмыстық іс қолданыстағы заңнаманы толығымен бұзу болғандықтан, біз оған шағымданамыз. Прокуратура бұл бұзушылықтарға сот сияқты мүлде жауап бермеді, — деді адвокат.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.
Айта кетсек, 2022 жылдың тамызында зейнеткерді өлтірді деген күдікті тергеу изоляторында төртінші баласын дүниеге әкелген. Содан кейін оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сотқа дейін үйқамаққа алуға рұқсат етілді.
ПІКІР ЖАЗУ