Орал қаласының тұрғыны сот арқылы автосалоннан 2,2 млн астам теңге өндіріп алды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш тұрғын мен автосалон арасында 2023 жылғы 14 наурызда автокөлікті сатып алу үшін шарт жасалған.
2023 жылы 11 сәуірде талапкер жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Бұдан кейін ол жауапкерге көлікті жөндеу бойынша қызмет көрсетуге жүгінген. Арада үш күн өткенде, жауапкер қажетті қосалқы бөлшектердің, материалдардың және қызмет көрсету құнының тізбесін жасап, сақтандыру төлемі арқылы өтелген 2 млн 217,595 мың теңгенің сметалық құнын жіберген.
Талапкер 15 мамырда автокөлікті жауапкерге жөндеуге беріп, бір жылдан кейін, 2024 жылдың 2 шілдесінде ғана қайтарып алған. Алайда көлік жөнделгеннен кейін ақаулар анықталып, оны талап қоюшының өзі түзетуге мәжбүр болған.
— Талапкер автокөліктің сапалы жөнделмегенін негізге ала отырып, соттан жауапкерден уақтылы қызмет көрсетпегені үшін айыппұл мен моральдық шығынды өндіруді сұрады. Сот іс материалдарын зерттей келе, талап арызды ішінара қанағаттандырып, талапкердің пайдасына 18,5 мың теңге шығын сомасын, 2 млн 250 мың теңге тұрақсыздық айыбын және 100 мың теңге моральдық залалды өндірді. Шешім заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.
ПІКІР ЖАЗУ