Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 2025-2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын сынады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ерлан Сайыров бюджет тапшылығына байланысты Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмринге сауал тастады.
“Президент өзінің жолдауында қары саласында көрпеге қарай көсілу керегін айтты. Бюджетке қарайтын болсақ, болашақ ұрпағымызды қарызға белшесінен батыратын тәріздіміз. Өзіңіздің баяндамаңыздан мысал келтірейін. Салықтар – 15 триллион теңге, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт – 2 триллион теңге, Ұлттық қордан нысаналық трансферт – 3,2 триллион теңге, бюджеттің тапшылығы – 4,8 триллион теңге. Осы 4,8 триллион теңгені сіздер қарызға алғалы отырсыздар. 25,7 триллион теңгенің 10%-ы, яғни, 2,5 триллион қарызды сіздер қазірдің өзіндетөлеп отырсыздар. Сонда бюджеттің 15%-ы тек қана қарыз өтеумен кетеді деген сөз. Осы 4,8 триллион теңгені сіздер қандай мөлшермен алып отырсыздар? Пайызды есептегенде ол біздің халыққа қанша сомаға жетеді? Өзіңіз оптимизммен баяндама жасадыңыз, осы қалпымызбен бізде оптимистік трагедия болмады ма”, – деді Ерлан Сайыров.
Бұл сауалға Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жауап берді. Ол мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігін мойындады. Оның айтуынша, кірістер шығыстарға қарағанда баяу өсуде. Ол бұл мәселенің әлеуметтік төлемдерді үлкен шығынға ұшыратқан коронавирустық пандемия кезінен бастау алғанын айтады.
“Мұның себебі түсінікті, естеріңізде болса – бұл пандемия кезеңі, пандемиядан кейінгі кезеңі, содан кейін қаңтар оқиғасы болды. Біз Ұлттық қордан жыл сайын шамамен 4,5-5 триллион теңге трансферт алып отырдық. Айта кетейік, біз негізгі шығындарға қатысты барлық бюджетті қабылдап алдық. Бұл әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік жәрдемақылар, жалақылар, мемлекеттік тапсырмалар сынды әлеуметтік қажеттіліктер өсіп келеді”, – дейді Азамат Әмрин.
Фото: parlam.kz
ПІКІР ЖАЗУ