Он мыңдаған ауғандық Пәкістаннан кетіп жатыр

Он мыңдаған ауғандық Пәкістаннан депортациялау мерзімі аяқталмай тұрып кетіп жатыр.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі Пәкістанда тұратын ауғандықтар тобы ел үкіметі 31 қазанға дейін кету мерзімін белгілегеннен кейін отандарына оралуға мәжбүр болғандықтан, адам құқықтарының тапталуы мүмкін екенін ескертті.

БҰҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымы 3-15 қазан аралығында ондаған мың ауған Пәкістаннан қашып кеткенін хабарлады.

«Біз Пәкістан билігін Ауғанстан азаматтарын мәжбүрлеп қайтаруды тоқтатуға шақырамыз. Ауғанстанға қайтарылған жағдайда депортацияға ұшырағандардың көпшілігі адам құқықтарының бұзылуына, негізсіз тұтқындау мен қамауға алу, азаптау, қатыгездік және басқа да адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге ұшырауы мүмкін екенін және Ауғанстанға үлкен қауіп төнуі мүмкін деп есептейміз», — деді қос ведомство өкілдері.

Пәкістандық Нобель сыйлығының лауреаты Малала Юсуфзай да бұл саясатты айыптады.

«Талибандардың қудалауынан қашқан ауған босқындары — балалар, әйелдер, ерлер, ақсақалдар — бұдан әрі кедергілер мен қудалауға емес, қолдауға, абырой мен қауіпсіздікке лайық. Мен БҰҰ сарапшыларының үндеуіне қосылып, Пәкістан үкіметін жаппай депортациялау жөніндегі асығыс саясатын қайта қарауға шақырамын», — деді ол әлеуметтік желіде.

Ауғандықтар соғыс пен тәліптерден құтылу үшін жылдар бойы көрші Пәкістанды паналаған. Пәкістан үкіметінің мәліметінше, елде 4,4 миллионға жуық ауған босқыны болса, олардың 1,7 миллионы жарамды құжатсыз.

Пәкістан заңсыз мигранттарды жаңа жаппай депортациялау белгілі бір ұлтты көздемейді деп сендіреді. Ел билігі де қамауға алынғандардың ешқайсысы қатыгездікке ұшырамайды деп мәлімдеді.