Олигархтар басқаратын жүйе ойын тәртібін өзгерте алмады – саясаттанушы

Фото: dalanews.kz

Билік қаңтардың қайталануынан қорықпайды ма?

Бұл сұрақ Вице-прьемер Серік Жұманғаринге қойылды. Себебі қанды қаңтар да газ бағасының өсуінен басталғанын ұмытпаған жөн. Вице-прьемер ол оқиғаның басталуына басқа жағайлар түрткі болғанын алға тартты.

Үкімет отырысында көптеген халыққа және кәсіпкерлерге жағымсыз жаңалықтар айтылды. Осы тұста саясаттанушы Асхат Асылбеков өзінің өткір пікірімен бөлісті.

«Ескі Қазақстан өкілдерінің жаңа мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеті болмағандықтан, елімізде газдың да, жанармайдың да, тіпті коммуналдық қызметтердің де бағасын өсіруге жол беріп отыр. Бұл жерде түсінуіміз керек, жанар-жағармайдың бағасы өссе, автоматты түрде күнделікті азық-түліктен бастап барлық салада бағалар қымбаттайды. Қарапайым халықтың өмір сүруі қиындайды. Әлсіз адамдар бала-шағасын асырау үшін қылмыс жасауға мәжбүр болады: базардан азық-түлікті ұрлаудан бастап, алаяқтық пен жезөкшелікке дейін өршіп кетуі мүмкін. Әлсіз адамдарды қиын заман құртады. Бұл бәріне белгілі факт. Ал мықты адамдардың қатары сиреп келеді», — дейді маман.

Үкімет халықтың мүддесімен санаспайды. Билік қарапайым халық өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алмайды деген сенімде. Бұл қайдан шыққан сенімділік?

Әрине, бюджетке ақша керек. Мысалы Дональд Трамп жақында салықты төмендету арқылы бірнеше триллион доллар инвестиция тартты. Балық терең жерді іздейді, адам жақсы жерді іздейді.

Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында микро және шағын бизнесті салықтан босатуды, орта бизнес үшін айналымға бір салықты 5% қалдыруды, ал ірі бизнес үшін прогрессивті салық салу шкаласын белгілеу ұсынылған еді. Яғни, ол неғұрлым көп табыс тапса, соғұрлым көп төлейді.

«Сол кезеңде халықтың басым бөлігі жақсы өмір сүре бастады. Салық төлемегендіктен, мемлекеттің мойнында отыруын да тоқтатады. Себебі үнемделген қаражатын өз өмірін, кәсібін жақсартуға жұмсайды. Халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты жояды.  Өз кезегінде халық президентке де, үкіметке де, осы заңдарды қабылдаған депутаттарға да дән риза болады», — деді сарапшы. 

Микро және орта кәсіп өкілдері қаржыларын сыртқа шығармайды. Ол әрі қарай кәсібін жетілдіре бастайды. Орта кәсіп одан әрі дамып ірі кәсіпке айналады. Әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кәсіпкер ретінде ол жоғары салық төлейді. Өйткені, оны салықтан босатып, өсуіне мүмкіндік берген биліктің жақсылығын ұмытпайды.

Халықтың басым бөлігі жұмыспен қамтылып, өзін-өзі асырап отырған деңгейге жеткенде, мемлекеттің арқасынан ауыр жүк түседі. Үкімет халықты ойлаудан арылып, елдің қорғанысын, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті, медициналық қызмет пен білім беруді қамтамасыз етуге, ғылымды дамытуға ауысады.

«Мен сырттан бақылаушы ретінде Трампты қолдаймын. Неге? Ол қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғайды. Яғни оларға елдегі зауыттарды қайтарып, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сәйкесінше, Трамп капиталисттен гөрі, социалистік көзқарасты адам.  Қазақстанға келсек, Үкіметтің батылдығы экономикаға керек. Алайда қарапайым халықты таңдаусыз қалдыру өте орынсыз шешім. Жалдамалы жұмыскерлерден бастап, бизнес өкілдеріне дейін қолдамайтын жаңа реформаларды енгізу ақылға қонымсыз», — дейді маман.

Бюджетке 7 триллион теңге жетпейді. Саясаттанушы жетпейтін қаражатты кәсіпкерлерден алуды жоспарлап отырған үкіметке олигархтардан алуды ұсынып отыр.

«Халық берерін 2022 жыдың қаңтарында берді. Жүздеген миллиард доллар шетелге шығарылған. Ал оның тек 1,52 миллиарды ғана қайтарылды. Нәтиже айқын. Олигархтар басқаратын жүйе ойын тәртібін өзгерте алмады. Енді зардабын халық тартады», — деп қортындыларды сарапшы Асхат Асылбеков.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2025 жылы мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындары 6,1 трлн теңге көлемінде. Ал бұл ұлттық қордан түсетін трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің барлық кірістерінің 38 пайызын немесе барлық шығыстардың 24 пайызын құрайды. Бұл туралы жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Ардақ Теңгебаев 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті таныстыру кезінде мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы қарызы 28 триллион 700 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш алдағы үш жылда ұлғая бермек. 2025 жылы мемлекеттік борыш 32 триллион, ал 2029 жылы шамамен 50 триллион теңге болады деген болжам бар.