Қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов жуырда өз сұхбатында экс-президент Назарбаевтың 60 жасына барлық облыс әкімдері 1 млн доллардан жинап бергенін, өз әкесінің ақшасы болмай, картина сыйлағанын айтқан еді, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Abai.kz. сайтына сілтеме жасап.
Сонымен, Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылдың 6 шілдесінде туған. Ол 60 жасқа 2000 жылы толған. Осыдан 22 жыл бұрын облыс басқарған азаматтар кімдер? Қараңыз:
Ақмола облысының әкімі – Сергей Кулагин. Қазір 69 жаста. Зейнет демалысында. Ол Ақмола облысын 1998-2004 жылдар аралығында басқарған. Үкіметте болған, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігін тізгіндеген. 2017 жылы қызметінен алынған.
Ақтөбе облысының әкімі – Аслан Мусин. Қазір 68 жаста. Бұл кісі де қазір зейнетте. Ақтөбе облысы әкімдігін 1995-2002 жылдар аралығында басқарған. Соңғы рет Хорватияда елші болып жүріп 2017 жылы зейнет жасына толуына байланысты қызметінен алынған.
Атырау облысының әкімі – Иманғали Тасмағамбетов. Қазір 65-те. Бұл кісі де зейнетке шығып, мемлекеттік қызметпен қош айтысқан. Атырау облысын 1999-2000 жылдары аралығында басқарған. 2000 жылдың желтоқсанында Үкіметке ауысқан. 2017-2019 жылдар аралығында Ресейде елші болып жүріп, зейнетке кетті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі – Виталий Метте. Бұл кісі 2003 жылы қайтыс болған. Шығыс Қазақстанды 1997-2003 жылдар аралығында басқарған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі – Қабиболла Жақыпов. Қазір 72 жаста. Еңбек демалысында. Облысты 1993-2000 жылдар аралығында басқарған.
Жамбыл облысының әкімі – Серік Үмбетов. 71-дегі Серік Үмбетов қазір зейнеттке шыққан. Жамбыл облысын 1994-2004 жылдар аралығында басқарған.
Қарағанды облысының әкімі – Камалтин Мұхамеджанов. Бұл кісі де қазір зейнет демалысында. Жасы 73-те екен. Облысты 1999-2006 жылдар аралығында басқарған.
Қостанай облысының әкімі – Өмірзақ Шөкеев. Шөкеев қазір 57-де. Түркістан облысын басқарып отыр. Қостанай облысын 1998-2004 жылдар аралығында басқарған.
Қызылорда облысының әкімі – Серікбай Нұрғисаев. Қазір 65-те. Зейнет демалысына шыққан. Облысты 1999-2004 жылдар аралығында тізгіндеген.
Маңғыстау облысының әкімі – Ләззат Қиынов. Қазір 72 жаста. Зейнеткер. Маңғыстау облысын 1999-2002 аралығында басқарған. Бірқатар мемлекеттік қызметте істеген. 2017 жылға дейін Сенатта депутат болған.
Павлодар облысының әкімі – Ғалымжан Жақиянов. Қазір 58-де. Саяси диссидент атанып, шетелге бас сауғалап кеткен. Ол облысты 1997-2001 жылдар аралығында басқарған. Қазақстан билігі Жақияновты 2002 жылы 7 жылға соттаған. Ал 2006 жылы уақытынан бұрын босап шыққан. Халықаралық ұйымдар оны саяси тұтқын деп таныған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі – Қажымұрат Нағманов. Қазір 73 жаста екен. Ол облысты 1999-2002 жылдар аралығында басқарған.
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі – Бердібек Сапарбаев. Жасы 69-да. Қазір Жамбыл облысының әкімі. Бұрынғы ОҚО-ны 1999-2002 жылдар аралығында басқарған.
Астана қаласының әкімі (қазіргі Нұр-Сұлтан) – Әділбек Жақсыбеков. Қазір 67-де. Зейнетке шыққан. 1997-2003 жылдар аралығында бас қаланы басқарған.
Алматы қаласының әкімі – Виктор Храпунов. Храпунов қазір 73-те. 1997-2007 жылдар аралығында Алматы қаласын басқарған. 2007 жылы қызметінен үлкен даумен кетіп, шетелге қоныс тепкен.
Ол кезде Алматы облысын Заманбек Нұрқаділов басқарған (1997-2001 жылдар аралығы).
ПІКІР ЖАЗУ