Антикор төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин Қазақстанда жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Ол тергеу басталғанға дейін Қазақстаннан кетіп қалған. Оны іздеп, елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — дейді Құрақбаев сенат кулуарында.
Қазір Арғын Нығматулинге және Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген басқа да адамдарға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Ал бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздеп жатқаны хабарланды. Бұл іс биыл 3 наурызда Астанада тіркелді.
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин — Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылы сәуірден 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.
ПІКІР ЖАЗУ