«Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды!»: Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында оқиғаның егжей-тегжейі айтылды

коллаж: Alash.kz

Шымкенттегі атышулы Шерзат Полат ісі бойынша бүгінгі сот отырысында прокурор оқиғаның егжей-тегжейін баяндап берді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.

Айыптау тарапының мәліметінше, қайғылы оқиға 2024 жылдың 14 қазанында түнгі 01:00 шамасында Шота Руставели көшесінде болған. Гаипбаев інісі, кәмелетке толмаған Полаттың «Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды» деген дауысын естіп, оған қарай жүгіріп барады. Ол дүкен маңында інісінің пышақ жарақатын көріп, «Жедел жәрдем!» деп айқайлап көмек сұраған.

Осы сәтте алдын ала сөз байласқан алты адам – Әскентаев, Нұрбол Тоқтабаев, Белгожаев, Ілиясов, Сәкиев және Шынасыл оқиға орнына келіп, Гаипбаев пен кәмелетке толмаған Полатқа шабуыл жасаған.

Прокурордың айтуынша, басты фигуранттардың бірі Белгожаев Полатты аяғымен тепкілеп, пышақтың сабымен басынан бірнеше рет ұрған. Ал Ілиясов аңшылық мылтықтың сабымен Полат пен Гаипбаевқа соққы жасаған. Бұл кезде Полатты анасымен бірге отырған жерінен қорғауға тырысқан анасы Бишимбиева да соққы алған.

Айыптау актісінде Шынасыл мен Сәкиевтің бұл шабуылды адам өлтіру мақсатында жасағаны атап өтілген. Шынасыл өзімен бірге ала келген ас үй пышағымен Гаипбаевты құймышақ тұсынан бір рет сұғып, артынан Сәкиев те тергеуде анықталмаған пышақпен екі мәрте жарақат салған. Салдарынан Гаипбаев сол жерде есінен танып, қимылсыз қалған.

Прокурордың айтуынша, өздерінің қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Гаипбаевтың қаза тапқанын түсінген Шынасыл мен Сәкиев оқиға орнынан Mercedes-Benz көлігімен қашып кеткен.