Зорлық-зомбылық көрген әйелдерді үнсіз қалмауға шықырып, жәбір көрген жүздеген нәзік жандардың құқығын сақтап қалған алғашқы Қазақстандық қор. Бес жыл бойы үздіксіз атқарған еңбегінің арқасында 2015 жылғы 3700 зорлау қылмыстық ісінің санын 2021 жылы 800-ге дейін қысқартқан. Осындай қоғамға маңызды ерең еңбекке қол жеткізген #НеМолчиkz қорының негізін қалаушы Дина Смаилова.
Осы қорды ашуға жеке басынан өткен топтық зорлық оқиғасы себеп болды. Анасының бұл оқиғаға қолдауын көрмей, жиырма бес жыл бойы үнсіз жүріп, қасқөйлердің жазасыздығына іштей күйінген. Кейін Дина Смаилова 2016 жылы өзінің Facebook парақшасында ішінде қалып қойған қайғылы оқиғасы туралы айтуды жөн көрді. Аталмыш пост әйел қауымының арасында үлкен талқыға түсіп, сол күні Динаның жеке хабарламасында 3000-нан астам жылы лебіздерінен бөлек, ер адамдардан көрген қайғылы оқиғалары жазылған хаттар келді. Бірақ сол кездің өзінде зорлық-зомбылыққа қатысты қоғамдық қорлар жеткілікті болды. Ұзақ уақыт бойы Дина жәбірленушілердің ісіне араласпай, қоғамдағы қорлардың қамына қалдыруға тырысты. Бірақ істің көбі мардымсыз, нәтижесіз атқарылғандықтан өзі көмектесуге кірісіп кетті. Сол кезде Дина қыздардың «ұят» деген оймен ешкімге тыс жармайтындығын білді. Олардың үндемейтінтігін зорлаушылар қолданып, бір қызды бірнеше рет бопсалаған. Өздерінін жазаға кесілмейтіндігін сезініп, қызды қауқаурсыз күйге апарған. Яғни «туыстарыңа айтамын» деп қорқытып, басқа да достарына «бопсалауға болатын қыз» деген өсек-аян таратқан. Осындай айласымен талай бейшара нәзік жанның түбіне жетеді екен.
Қыздардың көбі жәбірлеушіден қорқып қана қоймай, қазақтың «ұят» деген тәрбиесінен аса алмай, үнсіз қалады. Бұл «қызды зорлау» ұғымының тамырын тереңге жайып, әбден қарапайым құбылысқа айналдырды. Сондықтан біздің ұйымның басты мақсаты – қоғамның санасындағы зорлыққа төзушілікті жою» дейді #НеМолчиkz қозғалысының негізін қалаушы Дина Смаилова.
БАСТЫ ҚАРУ – АЙТУ
Негізі Дина Смаилова ұзақ уақыт бойы балалар продюссерлігімен айналысты. 15 жылдан астам «Тансари» Алматылық балалар театрының басқарушысы болып, жасөспірімдерді түрлі іс-шараларға дайындап, апаратын. Сонымен қатар «Алтын жүрек» премиясымен, Елбасы медалімен марапатталды. Ал қазіргі таңда құқық қорғау, заң шығару, ағартушылық қызметтеріне белсене араласады. Көптеген жерлерге тұрмыстық жағдайдағы жәбірлеу, зорлық-зомбылық тақырыбындағы дәрістермен спикер болып келеді. Халықаралық деңгейдегі ұйымдармен серіктес. 2017 жылы БҰҰ-мен Нью-Йорк штатында «зорланған ұят емес, зорлаушы болу ұят» тақырыбымен «Қазақстандағы зорлық-зомбылық мәселесін қалай шешу керек?» мәселесін талқыға салды. Аталмыш қордың басты мақсаты – жәбір көрушелердің жан айғайын санасына «ұят» сіңісіп қалған қоғамға жеткізу. Ресми түрде 2017 жылдың тамыз айында тіркелсе де, өз қозғалыстарын 2016 жылғы жүктелген посттан кейін бастап кеткен. Ал 2017 жылы ресми тіркелуден кейін жедел жауап беру желісін қосуға мүмкіндік алды. Сол кезден бастап жұмыс қарқынды түрде атқарыла бастады.
Қазір біздің жедел жауап беру желісіне 40-тан аса қоңыраулар келеді. Пандемия кезінде қоңыраулар легі 15-20 болса, қазір тіптен көп. Оның өзі әріптесім Татьяна Карольмен жауап беріп үлгерген қоңыраулардың саны. Әдетте, таң ата салысымен 12-ден аса үй жағдайындағы жәбірге қоңырауға жауап беріп, өңдеп жатады» дейді Дина Смаилова.
Қоңырау шалған әйелдерге үнсіз қалмауды басты мақсат етеді. Себебі ашық түрде айтылған іске мемлекеттік органдардың тез арада шара қолданып, көптеп түскен әкімшілік, қылмыстық істерден заңдағы қарама-қайшылықтар әшкерлене түседі екен. «Мысалы 2020 жылы сот заңдағы небір оқылықтарды жинақтап, генерал прокуратурасына қарастыруға ұсынған болатын. Нәтижесінде сол жылы зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңнамалар қабылданды. Одан кейін прокурорлар да, Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселені қозғады. Бұл істің үлкен деңгейде көрінбесе де, жүйелі түрде ақырын орындалып келеді. Себебі әйел қауымын күнделікті зорлыққа төзбеуге, мәселені айтуға шақыра берсен, ол қалай да болсын өз нәтижесін береді» деді Дина Смаилова.
Қазіргі таңда аталмыш қор «НеМолчиЮг», «НеМолчиДетиKZ» деген бөлімдермен қамтылды. «НеМолчиЮг» Данияр Жиенбаевтың қолдауымен Оңтүстік Қазақстан өңіріне арнайы ашылған ұйым. Данияр нәтижелі жұмыс атқарып жатыр екен. Өткен аптада жалғызбасты анаға алимент алуға көмектесті. Бір айлық көлемде емес, толық 4 миллионнан аса қаржыны қашқын әкеден алып берді. Үш баласы бар ана арнайы орталықтарды паналап жүрді, не үйі, не жұмысы да болмады. Күйеуінен жәбір көрген әйел алименттің ақшасына тұрғылықты баспана сатып алды.
«Біздің жедел жауап беру желісіне кез-келген өңірден хабарласа алады. Ал біз арнайы құрылған нұсқаулықты қолданып, кеңес береміз. Егер де жәбірленушінің жағдайы қиын болса, онда біз өзіміз көмектесеміз. Мысалға бірден арнайы құзыретті органдарға хабарлап, дереу іс қозғауды талап етеміз. Тұрмыстық жағдайда жәбір көріп, қоңырау шалғандардың 30 шақтысын Нұр-Сұлтан қаласының департаментімен сотқа дейін жеткіздік. Алматыда 50 шағым сотқа дейін жеткізілді. Біз Павлодар облысы, Ақмола облысы, Шымкент қаласы, Түркістан облыстарымен көп жұмыс атқарамыз. Соңғы кезде Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларынан қоңыраулар көптеп келіп жатыр. Бір қызығы Шығыс Қазақстан облысынан жәбірленушілер өте сирек хабарласады» деді қоғам белсендісі Дина.
Негізінен Дина Смаилованың айтуынша, белгілі бір оқиға орын алса, бірден 102-ге хабарласу керек. Себебі шара бірден қолданылып қана қоймай, полиция органдарының қоңыраулар архивінде сақталып, болашақта дәлел етінде де қолдануға болады. Сонымен қатар үйдегі күйеуіңіз эмоциялық қызулықта сізге ауыр жарақат пен өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін.
ЗАҢДАҒЫ ОҚЫЛЫҚ
«Жақында орны толмас қайғылы оқиға болды. Біздің қорғауымызда жүрген әйел күйеуінің қолынан қаза тапты. Негізінен ол кісінің ісін мамыр айынан бастап алған болатынбыз. Аталмыш әйел бірнеше рет органдарға күйеуінен физикалық жарақат алғаны жайлы келген. Оның күйеуін бір емес, сегіз рет әртүрлі мерзімде қамауға алды. Бірақ бұл оны ешқалай тоқтатпады. Бұрынға әдетінше әйелін ұра беретін. Соңында ол өз әйелін өлтіріп алды» дейді Дина Смаилова өзінің қорғаушысын еске алып. Жалпы белгілі бір тұрмыстық жағдайда жанжал болса, ескертулер мен 3-5 күнге ғана уақытша қамауға алады. Кейде 15 күн мен бір айға да уақытша қамау изоляциясына алуы да мүмкін, бірақ ондай жаза түрі өте сирек қолданылады екен. Ал аталмыш оқиғадағы ер адамды барлық мерзімдегі қамауға алған, бірақ та оны ешқандай ескертулер тоқтатпады.
Негізінен тұрмыстық жағдайда жәбір көрген әйел полиция органдарына арыз жазады. Кейін міндетті түрде физикалық түрде алған жарақаттарын видео, фотоға түсіріп, судмедэкспертизаға жіберілуі қажет. Сараптаманың нәтижесін алып, сотқа беріледі. Сол сәттен бастап сот істері басталып кетеді. Жәбір көрсеткен адамды әйелінен 30 күнге алшақтатып, қарым-қатынастың кез-келген түріне тиым салады. Егер де жылжымайтын мүлік, яғни тұрғылықты үй сол күйеуінің атында болса, онда жұп әр апта сайын келіп, үйдегі мән жайды жеткізіп тұруы қажет. Қойылған талаптар орындалмаса, жәбір көрсетушіні 3 күнге қамауға алып, сот жаңа тәртіп ережелерін шығарады. Ол ережелер бұрынғысынан қатаң, әрі жарты жыл немесе бір жыл мерзімге бекітіледі.
«Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ереже қандай қатаң болса да, «істеймін» деген кісі өзінікін істейді. Атап өткен тәртіп ережелер біздің жәбірленушілерді қорқайды деп айта алмаймын. Себебі әйел адам өміріне қауіпті жарақат алып, қаза таппаса, қасқөйлерге әкімшілік құқықбұзушылықтан артық жаза қолданбайды. Жарақаттар әйелді мүгедектікке дейін апарып жатады, ал оның ай сайынғы жәрдем ақысын мемлекет төлейді. Ал мемлекеттің қаржысы сіз бен біздің салықтан құралады. Осындай жабық жүйеде қалып отырмыз» дейді Дина Смаилова. Оған қоса, егер де әйелді көшеде кез-келген бөтен адам ұрса, онда ол қылмыстық іске жатады. Ал әйелді туған күйеуі ұрса, онда ол әкімшілік құқық бұзушылықтың «тұрмыстық жағдайдағы келіспеушілік» деп қарастырылады. Бұл занның оқылықтары.
Депутаттардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң отбасыны сақтауға көмектеседі. Сонда отбасының тұтастығы әйел адамның амандығынан артық болғаны ма? Бұл заң қасқөй күйеулердің әрекетін жеңілдетіп, белгілі бір деңгейде қорғап тұр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, 60 пайыз ерлі-зайыптылар татуласуға келеді екен.
Негізінен осы жағдайға байланысты жаңа заң қарастырмақшы. Ол заңда бірнеше рет татуласуды алып тастап, бір реттік қана қылып қоймақшы. Себебі әрбір ортақ татуласудан кейін жәбір көрсетушіден барлық айып алынады. Тек 1 рет татуласуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 3 күндік қамаудан 5 күндікке ауыстырмақшы. Бұның бәрі менімше жеңіл желпі өзгерістер. Сонымен қатар, осы қылмыс түрлері бойынша қылмыстық істердің жартысынан көбі сотқа дейінгі тергеу сатысында тоқтатылады. Оның себебі тараптардың татуласу» деп пікірін білдірді Дина Смаилова.
Тек соңғы 5 жылдың ішінде Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіруге байланысты 1389 қылмыс жасалған. 2016 –193, 2017 – 149, 2018 – 305, 2019 – 329, 2020 – 413.
ҚР ҚК 107-бабы бойынша денсаулыққа орташа зиян келтіру бойынша – 1160 іс. 2016 – 106, 2017 – 99, 2018 – 282, 2019 – 319, 2020 – 354.
Енгізілген түзетулерге қарамастан, бес жыл ішінде Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша (азаптау, ұрып-соғу) алты іс тіркелді, сол уақытта отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 19057 ұрып-соғу фактісі тіркелді. 2016 ж – 2893, 2017 ж – 2193, 2018 ж – 3310, 2019 ж – 7223, 2020 ж – 3438. Бұл көрсеткіштер заңның қайта қарастыру керектігін көрсетеді.
ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?
«Негізінен белгілі бір сексуалды, тұрмыстық іспен арнайы органдарға барсақ, ол ұзақ қарастыралады немесе мүлдем елеңбейді. Біз кейде әлеуметтік желіге жария етпейік, бірақ сіздер осы шағымды қарастырыңыздаршы десек те, құлақ аспайды. Ал егер Instagram желісіне салып, ашық алаңда талқыға түссе, құзыретті органдар бірден реакция береді. Сондықтан жәбір көрген әйелдерге үнсіз қалмауға кеңес беремін. Сіздің үнсіздігіңіз қасқөй ерлерге таптырмас құрал. Тек бірігіп қана біз бұл жүйені өзгерте аламыз. Сондықтан барлығына айтарым кез келген тұрмыстық, сексуалды кейіптегі іске үнсіз қалмаңыздар» деп өзінің кеңесін берді #НеМолчиkz әлеуметтік қорының негізін қалаушы Дина Смаилова.
Амангелді Гүлжанат
ПІКІР ЖАЗУ