Академик Асқар Жұмаділдаев Қазақстанда спортшыларға көрсетілетін қолдау дарынды оқушыларға берілмейтініне наразы. Ол білім берудегі кемшіліктерді айтып, қоғам құндылықтарын қайта қарауға шақырды. Бұл туралы Ой-лайық YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Академик білім саласында топ жарған балаларға қолдау аз екенін айтты. Оның сөзінше, үкімет пен елдің қауқарлы азаматтары қоғамдағы маңызды жетістіктерге жіті мән бермейді.
«Кеше бір чемпион шықты. Біреудің мұрнын бұзып еді, оған көлік береді. Жүз жылқы мен түйені де, бәрін береді. Ойлап қарасаңыз, осындай жетістікке біздің балаларымыз да жетіп жатыр. Жыл сайын математикадан қаншама орын ұтып алып жатыр. Неге соларға тым құрығанда бір велосипед бермейді? Нағыз бай адам болса, осындай ұсыныспен шығуы керек қой. Әйтпесе жаңағы спортшыға үкіметі де, басқасы да үйіп-төгіп бере береді. Кейін сол допинг боп шықса, ешкім сыйлықты қайтарып та бермейді», — деді ол.
Асқар Жұмаділдаев білім беру жүйесін құруда бізге сай келмейтін өзге ел тәжірибелерінен бас тартуды ұсынды. Оның орнына өз құндылықтарымызға негізделген заманауи құрылым қалыптастыру керек.
«Бізге ешкімге ұқсаудың қажеті жоқ. Қазақ қазаққа ұқсау керек. Біреуден бірдеңе үйренуге көп уақыт кетеді. Одан да шындыққа қарап, былай істеуге болады екен деп ойлау керек. Өзіміздің нағыз құндылықтарымызды сақтап, соны бүгінгі заманмен сәйкестендіру керек. Біреу бүйтеді екен деп оған еліктеу – болмайтын тірлік. Финляндия – дүние жүзіндегі ең бақытты елдің бірі. Бұл жақта әр мұғалімнің көмекшісі болады. Мысалы, бақылау жұмысын мұғалімнің тексеруі шарт емес. Бүкіл Қазақстанда өзі 7 мыңдай мектеп бар. Соның 800-і қазір үш ауысыммен оқытады деп естідім. Мектеп жетпей жатқанда, қайдағы көмекші? Біз оқығанда дәретхана сыртта болатын. Қазір барсаң кейбір мектепте әлі солай. Бұл шындық. Біз сондай дәретхана ұйымдастыра алмай отырып, сонау Швециядағыдай мектеп құрам дегенің бөскен әңгіме», — деді академик.
Жұмаділдаев қоғамды да білімге инвестиция жасауға шақырды. Айтуынша, халық қажетсіз шығынға әкелетін дүние үшін несие алуға бейім. Адамдар тоймен емес, ғылыммен жарысу керек дейді ол.
«Қазақтың тойы көп болсын. Қайғыдан көрі тойдың көп болғаны дұрыс қой. Бірақ оған сонша уақыт құртатындай негіз жоқ. Менің бір теориям бар. Той 5-6 сағат емес, 50 минут болуы керек. Ол дегенің бір сабақ қой. Сол жетеді. 50 минуттай талай нәрсе айта аласың. Шетелдің бәрі сондай. Жапон мен немістің тойы көп болса, 40-45 минут болады Дүниеде несие алып, оған той жасайтын ел жоқ. Несиені жалпы не үшін алады? Білімін, бизнесін дамытайын деп алады. Қосымша пайда табайын деп алады. Ал тойға деп алғанның бәрі далаға кетеді. Мұнымен ештеңе ұта алмайсың. Босқа ақша шашу. Жарысу ғана. Ал той біткесін жастар бір жерде тұрайын десе, үйі жоқ. Жұмысы да жоқ. Бұл таза көзбояушылық. Кімді алдап отырмыз? Одан да сол ақшаны балаға пәтер алу үшін бер. Сен тоймен жарыспа, ғылыммен жарыс! Тойға бәленбай ақша құртқанша, балаңыздың біліміне құртыңыз», — деді Жұмаділдаев.
ПІКІР ЖАЗУ