Кейбір адамдар өз қателіктерін мойындай алмайды. Біз оларды көбіне «тәкаппар», «өзіне тым сеніп алған», «бірбеткей» дейміз. Негізінде, бұл мінез бен тәрбиеден емес, мидың қорғаныс реакциясынан туындайды. Дәрігер мұның себебін түсіндірді, — деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та ақыр заманға сенетіндер көбейіп кетті. Олар тіпті нақты күнді де болжады — 1954 жылғы 21 желтоқсан. Бұл күні топан су басталып, планета жойылады деп сенді. Кейбірі жұмысынан шығып, барлық мүлкін таратып, сатып жіберді. Бірақ 22 желтоқсан болғанымен, ақыр заман болмады.
Психологтар мұны когнитив диссонанс деп атайды. Бұл – адамның сенімі, құндылығы немесе білімі қайшы келген кезде пайда болатын психологиялық жайсыздық күйі.
Осындай үлкен қателікке қарамастан, ақыр заманға қатты сенген адамдар қателескенін мойындамады. Керісінше, «Біз сенімімізбен әлемді құтқардық!» деп мәлімдеп, идеяларын одан әрі насихаттай берді.
Когнитив диссонанс және ми реакциясы
Америкалық әлеуметтік психолог Леон Фестингер осы культті зерттеп, когнитив диссонанс теориясын ұсынды. Оның айтуынша, адам өмір бойы белгілі бір қағидаларға сеніп келсе, оларды жоққа шығаратын фактілерді қабылдау оған үлкен стресс тудырады. Сондықтан ми жаңа ақпаратты елемеуді, өзінің сеніміне дәлел іздеуді немесе тіпті агрессив түрде сеніміне берік болуды таңдайды.
«Адамдар әлемді белгілі бір жүйе деп түсінеді. Егер жаңа фактілер бұл жүйеге қайшы келсе, ми оларды жоққа шығарады. Сол себепті адамдар қателіктерін мойындауға немесе пікірін өзгерткісі келмейді», — дейді психиатриялық клиникалық аурухананың мамандары.
Когнитив диссонанс өмірімізге қалай әсер етеді?
Егер адам белгілі бір жағдайды өзгерте алмаса, оның психикасы сол жағдайды қабылдауға мәжбүрлейді. Мысалы, төмен жалақыға ауыр жұмыс істейтін адам жұмыстан шыға алмаса, былай деп ақталуы мүмкін: «Ұжымым жақсы», «Маған ауыр нәрселер туралы ойланудың қажеті жоқ», «Жұмыссыз жатқаннан жақсы». Бұл механизм адамға қиын жағдайға бейімделуге көмектеседі, бірақ сонымен бірге оны ыңғайсыз күйде ұзақ ұстап тұруы мүмкін.
Фестингердің әлеуметтік эксперименті
Психолог Леон Фестингер когнитив диссонансты зерттеу үшін қызық эксперимент жүргізді. Қатысушылар қайталанатын, өте зеріктіретін тапсырмалар орындады. Кейін олардан келесі қатысушыға бұл тапсырмалардың қызық екенін айтуын сұрады. Бір топқа бұл өтірік үшін 1 доллар, екінші топқа 20 доллар төленді.
Нәтижесінде, 1 доллар алғандар тапсырмаларды шын мәнінде қызық деп бағалады. Өйткені өтірік айту үшін 1 доллар тым аз көрінді, сондықтан олар өздерін алдамай, тапсырмалардың шын мәнінде қызық екеніне сенуге тырысты.
Ал 20 доллар алғандар өз өтірігін мойындады, өйткені олар үшін өтемақы жеткілікті болды.
Когнитив диссонанс адамның өз іс-әрекеттерін, сенімдерін және шешімдерін ақтауға бейімділігін түсіндіреді. Егер адам өзін «адал» деп санаса, бірақ әділетсіз әрекет жасаса, оның миы бұл әрекетті ақтап алудың жолын іздейді. Солайша, ішкі қақтығыс жойылып, адам өзін жақсы адам ретінде қабылдай береді.
Когнитив диссонанс адамның жадысына да әсер етеді. Біз оқиғаларды өзімізге ыңғайлы етіп еске аламыз. Сондықтан өткенде болған жағдайды басқа қырынан қабылдауымыз мүмкін.
«Бұл — мазасыздық деңгейін төмендетіп, шешімдерімізге сенімділікті сақтауға көмектесетін қорғаныс механизмі,» — дейді сарапшылар.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру