Назарбаев зияткерлік мектептерінің төрағасы Әнуар Жанғозин Facebook-тегі парақшасында білім ордаларының бірінде оқушы жалған тапсырмаларды әзірлеп, ал басқа оқушылар тобы оларды шынайы емтихан материалы ретінде таратқанын мәлімдеді.
“Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері тапсыратын қорытынды емтихан материалдарын сату мен алдын ала тарату бойынша жалған ақпараттың пайда болғанын жазған едім. Бүгінге дейін мәселені жан-жақты зерттедік. Жүргізілген қызметтік тексеріс шаралары оқушыларымыздың бірі тапсырмаларды өз бетінше әзірлегені, ал басқа оқушылар оны нақты емтихан материалдары ретінде таратқаны белгілі болды. Бұл біздің мектептердің академиялық адалдығы мен ішкі ережелерін қатаң бұзу болып саналады”, – деп жазды Әнуар Жанғозин.
Ол анықталған заңбұзушылықтарға сәйкес осындай келеңсіздікті туындатқан оқушыларға емтихандарды қайта тапсыру құқығынсыз емтихан нәтижелерін жою туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.
“Бұл оқушылар қорытынды емтихандар аясында ҰБТ сертификатын алу мүмкіндігінен айырылады. Материалдарды таратуға қатысқан қалған оқушыларға да тәртіптік жаза қолданылды. Біз мектептеріміздегі білім беру процесінің сапасы мен тұтастығын сақтау үшін білім берудің жоғары стандарттарын, академиялық адалдық пен ашықтық принциптерін ұстануды бұдан әрі де жалғастырамыз”, – деді Әнуар Жанғозин.
ПІКІР ЖАЗУ