«Нәтижеге күмәнмен қараймын»: Таразда өгей әкесінен босанған 16 жастағы қыздың анасы күйеуіне сенетінін жеткізген

life4me.plus

Таразда өгей әкесінен бала туған 16 жастағы қыздың анасы күйеуінің зорлағанына сенбейтінін жеткізді. Алайда ДНҚ сараптамасы 99,9% оның сәбидің әкесі екенін көрсеткен, деп хабарлайды Ozgeris.info ақпарат порталы.

Бұл туралы қыздың анасы журналист Руслан Өтепбайға YouTube арнасына сұхбат берген.

Айтуынша, қызын бір жылын бұрын белгісіз біреу мешіттің артында зорлап кеткен. Алайда бұл жайында мүлдем білмеген.

«Үш қызым бар. Үлкен қызым – алғашқы некемнен, қалған екеуі – екінші некеден. Бірінші күйеуім қайтыс болған соң, қайта тұрмысқа шықтым. Үлкен қызымды мешіттің артында белгісіз біреу зорлаған. Ол кезде 15 жаста болатын. Ол адам маска киген. Қызымды қорқытып, ешкімге айтпа деген. Қолындағы телефонын жерге лақтырып, екі қолын байлап, істейтінін істеген соң кетіп қалған. Орысша сөйлейді, бір жерінде қалы бар деген», – дейді анасы.

Анасы үлкен қызының жүктілігінен бейхабар болған. Тек толғағы басталып, үйіне жедел жәрдем шақырғанда ғана біліпті. Алайда, әйел күйеуінің қызын зорлап, оны жүкті қылғанына сенбейтінін жеткізді.

«Ештеңе байқаған жоқпын. 29 қарашада босанды. Толғақ басталған кезде ғана жүктілігін білдік. Ол бойы ұзын қыз, ішінің шыққаны көрінбеді. Жедел жәрдем шақырдық, дәрігерлер қыздың жүкті екенін айтты. Сол кезде ғана сендім. Құзырлы орган екінші жолдасымнан күдіктеніп тұр. Екеуінен де сұрадым. Мен де жолдасым емес деп ойлаймын. Олар да біз тазамыз деп отыр. Қызымнан және өгей әкесінен қан алды. Ол кісілер қан алған кезде арғы бөлмеге алып кетті. Жолдасым көрген. Бірақ қызымнан, өгей әкесінен және нәрестеден алынған сараптама 99,9% оның әке екенін растады. Бірақ мен бұл нәтижеге күмәнмен қараймын. Біреу қолдан жасаған сияқты», – дейді анасы.

Қыздың өгей әкесі де өзі тәрбиелеп, бағып-қағып өсірген баласына қиянат жасамағанын айтып, ақталған. Алайда бағдарлама барысында құзырлы органдар келіп, оны полиция бөлімшесіне алып кетеді.

«Мен 55 жастамын. Қазіргі әйеліммен 14 жылдан бері отасып келеміз. Біз үйленген кезде өгей қызым 3 жаста болатын. Өзім бағып-қағып өсірдім. Қазір мені басты күдікті ретінде қарастырып отыр. Сараптама нәтижесі бойынша 99,9% әкелігім расталды, осылайша мен күдікті ретінде танылдым. Мен кішкентай күнінен өзім бақтым. Бұның қалай болғанын білмеймін. Қызым да «менің арқамда сіздерді де құртатын болды» деп айтады. Қызымның алдында, әйелімнің алдында да ақ болып тұрмын», – дейді өгей әке.
Бірақ бағдарламадан соң, ер адамның әйелі хабарласып, оған қатысты тың мәлімет берген. Қыздың өгей әкесі полиция бөлімшесіне барғанда онымен жыныстық қарым-қатынасқа түскенін растаған.