Қазақ театрының заманауи әлемдік театр процесіндегі, бүтіндей театр өнеріндегі өзгерістерге ілесудің метафизикалық мақсаты – дәстүрлі-нормативтік тенденция және көркемдік-эстетикалық ізденістер мен идеялық төңкерістерді қатар алып, осы екі бағыт осьінде алға жылжу. Өнертанушы ғалым Амангелді Мұқан «Ұлттық театрдың қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірген белгілі өнер және қоғам қайраткерлері М. Әуезов, С. Сәдуақасов, О. Беков, Д. Әділұлы т.б. өткір көзқарастары қазақ театрының теориялық және тәжірибелік тұрғыдан даму жолын айқындауға зор үлес қосты» /1, 7/, – дейді. Ал халықтың дәстүрлі ой санасымен терең байланыс негізінде ұлттық театр өнерінің көкжиегін кеңейту, жаңа серпіліс іздеу жолында тер төккен режиссерлер Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Асқар Тоқпанов, Нұрмұқан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейітметов, Жанат Қажиев, Есмұқан Обаев, Нұрқанат Жақыпбай, Әубәкір Рақымов және т.б.
Кез-келген мекеменің институтционалдық жүйесін қалыптастыру, жетілдіру керек екені анық. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Рифхатұлы Заитов бұл бойынша былай дейді: «Театрдың мақсатын, жалпы бағытын айқындау үшін біз ең бірінші кезекте дәстүрлі ән өнерін, күй өнерін даралауға тырыстық. Мысалы, «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концертте қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі бес мектеп (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) қамтылды. Ал «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешінде бір дәстүрлі әнді, яғни «Сарыарқаны» үш әнші орындады. Бұған дейін мұндай тәжірибені тек опера орындаушылары, атап айтқанда Лучано Паваротти, Пласидо Доминго және т.б. тенорлар қолданатын. Біздің дәстүрлі әндеріміз кейбір эстрада әндері сияқты жолай шығарыла салған әндер емес, әрбіреуінің артында бір-бір тарих тұр. Сол тарихты көрініс арқылы қысқаша баяндап, әннің табиғатын жеткізуге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір де, алдағы уақытта да негізгі акцентті дәстүрлі халық әндері, халық композиторларының шығармаларына береміз». Яғни аталмыш театр да репертуарлық бағыты бойынша дәстүрлі өнермен синтезделген қойылымдарымен өзгеше өзіндік форманы басшылыққа алады. Осындай ұстаныммен қолға алынған қойылымдардың бірі – «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасы. Авторы – ақын, драматург Иран-Ғайып, режиссері – Жұлдызбек Жұманбай.
Қазақ өнерінің «алтын ғасыры» саналатын XIX ғасырда шырқау шыңына жеткен, халқымыздың қателеспес талғамы қалыптастырған ғажайып дәстүрі – әншілік өнер мектептерінің бірі – батыс ән мектебі Мұхит сал есімімен байланысты. Мұхит батыс өңіріндегі ауызша-кәсіби әншілік мектептің негізін қалаушы дарабоз өнер иесі. Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітаптарында Мұхитты «қазақтың Баяны» деп атағаны белгілі. Шандоз ән шебері, ақын, халық композиторы, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлы Орынбор, Қостанай, Жаманқала, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырауды аралап, жәрмеңкелерге қатысып, абыройы артып, Әнші Мұхит, Сал Мұхит атанды. Мұхиттың терең психологиялық иірімге құрылған, тыңдаушыларын эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдыратын, адамның сай-сүйегін сырқырататын, бояуы өте күшті әндері, атап айтқанда «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Кiшi Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние», «Ақ Иiс»-тері – музыка мәдениеті тарихының классикалық үлгілерінің баға жетпес қазынасы. Мұхит Мерәліұлының туындыларын нотаға түсіріп, шығармашылығы туралы алғаш пікір айтқан – музыка зерттеушісі Александр Затаевич. Ол өз жинақтарында Мұхиттың әні деп 22 үлгіні, Мұхит әнінің нұсқасы ретінде 3 үлгіні берді. Сал Мұхит дегенде Борис Ерзакович, Ғарифолла Құрманғалиев, Тәмті Ибрагимова, Нағима Әбіловалардың еңбектері де еске түседі.
Қазақ музыкасы антологиясында «XIX ғасырдың басындағы халықтың қоғами және рухани өмірінде дәстүрлі музыка өнері одан әрі жалғасын тауып, жан-жақты даму процестеріне түсті. Бұған ықпал болған қазақ даласындағы күрделі саяси, әлеуметтік және тарихи өзгерістер еді» /2, 9/, – делінген. Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қапез Байғабылұлы, Сұлубай, Аманғалилардың саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын білеміз. Ал Мұхиттың өмірі басқаша өрілді. Алайда айналасындағылардың қайғысы мен мұңына, шаттығы мен қуанышына ортақтасу, тіпті біреудің басындағы бақытсыздығын өз басының бақытсыздығындай көріп, қайғы жеуі Мұхит әндерінің басты ерекшелігі.
Режиссердің міндеті – туындының жеке (психологиялық), тарихи (қоғамдық-әлеуметтік) және мәңгілік (философиялық) қабаттарын тану, әр актердің амплуасын дәл анықтау, идеялық-эстетикалық мақсат-мүдделерін бір арнада тоғыстыру, қойылымның архитектоникасын жасау, темпо-ритмін айқындау, мизансценасын дұрыс құру және т.б. «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасында нақты режиссерлік концепция байқалды. Орындаушылардың іс-әрекеттері, таптаурындықтан ада пластикалық формасы, декорация, музыка, жарық эффектілері және т.б. көркемдік тұтастығын сақтаған. Әдеби әлеуеті жоғары, рухани тынымсыз Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмалық дастанының әңгімесі қысыр, сөзі бос емес. Алайда новаторлық тенденцияларға ұмтылған режиссердің де авторлық идеяны шашау шығармай шығарманы өрге тартқан «отты» шешімдері бар екенін айта кеткен жөн.
«Адам іздеп келемін» деумен басталатын қойылым «адам болудың» құпиясын ашуға, жұмбағын шешуге, гуманистік идеялардың мәнін түсініп, ордалы ой түюге де жетелейді. Мұхит өмір сүрген XIX-XX ғасырларды көз алдыңа айна қатесіз әкеледі. Сол замандағы әділетсіздік, бүгінгі күннің шындығымен астасып жатады. Музыкалық драмада шынайы «адам кейпін» іздеп жүрген әншінің әндері тыңдаушыны толғандыра отырып, ойландырады.
Режиссер экспериментке де батыл барған. Себебі Мұхиттың рөлін сомдаған Нұрболат Исаев – актер емес дәстүрлі әнші. Актердің рөлмен табиғи қабысуы, ішкі-сыртқы болмысына сәйкес келуі керек екенін Станиславский жүйесінен де білеміз. Негізі, Мұхит мектебі орындаушыдан үлкен шеберлікті, дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін, төкпе күйлерде кездесетін қағыстары бар домбыра сүйемелін талап етеді. Нұрболат – батыс ән мектебінің өкілі. Осы қырына режиссер мән берген іспетті. Жалпы алғанда, фактура жағынан, сондай-ақ сахнада нанымды ойын көрсетуде Нұрболат рөлдің авторына айнала білді деген ойдамын.
Қарақаншықтың жанұшыра, жасын атып, жай ойната қасқырларға айбат шегіп, қайрат қылу сахнасында этно-фольклорлық ансамбль мен би үйлесім тауып, қызулы қуатымен тартады. Ансамбльдің сүйемелдеуімен фантасмагориялық би қоғалыстары, үрейлі үндер, кешенді қабаттасқан образдар арпалыстың күрделі иірімдерін дөп басқандай. Бұл жерде режиссер ансамбль мен бидің күшін даралап көрсеткісі келгенге ұқсайды. Энергия, пластика жағынан бишілердің өлшем-мөлшері дәл. Жарық та әрекеттің көрігін қыздырып, нақтылай, қамшылай түскен.
Хор қойылымның бойына қан жүгірткен. Естіген адамды елең еткізер тұсы хорда бишілер де бар. Хормейстер Манарбек Жәлімбетовтің партия ішіндегі жеке стройды бұзғызбау, сан алуан штрихтарды қолдану, унисондық дыбысталу бойынша еңбегі зор.
Қойылымда ерінбеген − етікші, Ұялмаған − әнші, бүгінде. Шетінен!, үйді, күйді, Төренің әнін сатамын дейтін жерлері, «Қоғамы, түбіне жеткен де!», – деп түйінделетіні, соқыр молданың Йасинді басын бастап, ортасын тастап, аяғын ежіктеп, өтірік оқуы, дінімізге, ділімізге, тілімізге абай болайық деген сөздердің айтылуы, ақтар мен қызылдардың қазақ халқының басына қара бұлт төндіргені әркімге ой салады. Декорация да көркемдік мазмұнын аша түскен.
Тұтастай алғанда, «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасындағы көпшілік көріністер, артистер бейнелерді шығаруда өзіндік интонацияларын тапқан. Жоғарғы міндет пен өзекті әрекетке барынша мән берілген.
«Сақара жұрты сиқыр сөз бен маржан жырды, әсем ән мен тәтті күйді өнердің төресі санаған» /3, 36/, – дейді Ерлан Төлеутай. Төл өнерімізді төрге шығару– парызымыз. Ойды оятып, қиялды қанаттандыратын қойылымдар көп болғай!
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Амангелді Мұқан. Театр туралы толғамдар. Зерттеулер мен мақалалар – Алматы: 2015. – 357 б.
2. Қазақ музыкасы. Антология. Кәсіби халық композиторларының шығармашылығы. 5-том. – Алматы: «Қазақпарат» 2016. – 475 б.
3. Ерлан Төлеутай. Үкілі Ыбырай – Алматы: «Қазақ кітабы» 2020. – 267 б.
ПІКІР ЖАЗУ