Мұрат Әбділдәнің адвокаты: Енді мас күйде желіге шықпайды

Фото: ашық дереккөз

Блогер Мұрат Әбділдә бостандыққа шығады. Бұл туралы оның адвокаты айтқан еді.  Блогердің құқығын қорғаған адвокат бәрін толық түсіндіре кетті, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Заңгер Жантөре Зәуірбекұлының айтуынша, соттың қаулысы 15 күннің ішінде күшіне енеді, деп жазады Massaget.kz.

«Бұл кісіге 2022 жылы 31 наурызда Қылмыстық кодекстің 174-бап «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін» соттың үкімі шыққан. Бұл баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұған дейін жазасын Шымкентте өтеп келді. 2023 жылғы қазанда Шымкент сотына жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініш жазған. Оны Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қанағаттандырудан бас тартқан. 2024 жылғы 16 мамырда жазылған өтініш те қанағаттандырусыз қалды. Жазда жазылған өтініш бойынша бүгін соттың қаулысы шықты. Біз оны мерзімінен бұрын шартты түрде босатуын сұрадық. Мұраттың түрмеде жүргенде мінез-құлқы, тәрбиесі, ішкі әкімшіліктің заңды талаптарын орындағаны, жеке бас гигиенасын сақтағаны, 4 рет марапаттау алғаны, жазалау шарасын алмағаны әсер етті», — дейді ол.

Заңгердің айтуынша, Мұрат Әбділдә түрмеде алкоголизмнен емделген.

«Мұрат Әбділдәнің мерзімі 2026 жылғы 3 қыркүйекте аяқталуы керек еді. Енді ол пробациялық тіркеуге тұрады. Қоғамдық жұмысқа жегілмейді, айыппұл төлемейді, бірақ оған түнде далаға шығуға, қала ауыстыруға болмайды», — деді Жантөре Зәуірбекұлы.

Заңгердің айтуынша, Мұрат Әбділдәға әлеуметтік желіде парақшасын жүргізуге тыйым жоқ.

«Өзіне үлкен сабақ болды. Енді мас күйде әлеуметтік желіге шықпайды. Жалғыз анасы ғана бар. Оған да ауыр тиді. Соның қасында болғысы келеді. Анасына процесс біткенде хабарластық. Оның жүрегі жарылардай болды», — дейді ол.

Жантөре Зәуірбекұлы Қазақстанда мерзімнен бұрын шартты түрде босау өте қиын екенін айтты. Сондай-ақ ол блогердің ісін толықтай тегін жүргізгенін айтты.

Блогер Мұрат Әбділдә 15 күннен кейін 7 қыркүйекте бостандыққа шығуы керек.

Айта кетейік, блогер Шымкенттегі 167/3 жалпы режиміндегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Ол Instagram-дағы даулы жазбалары мен әнінің салдарынан «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін» 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған.