Ақтауда мүгедектігі бар 18 жастағы ер баланы белгісіз біреу көлігіне салып алып, зорлаған. Арам ойын іске асырған азғын жас жігітті теңіздің жағасына түсіріп кеткен, деп хабарлайды ozgeris.info порталы Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушінің анасы Оразгүл Қонысованың айтуынша, 27 желтоқсан күні 18 жастағы баласын белгісіз ер адам көшеден көлігіне отырғызып алып кетіп, арсыз әрекетін іске асырған. Қаскөй ұлын әуелі көлікте, кейін теңіз жағасына апарып зорлаған көрінеді. Кейіннен баланы оқиға орнында тастап кеткен. Баласының денсаулығына уайымдаған ана «осы уақытқа дейін күдіктіні анықтамаған полицейлер де жазалансын» деп отыр.
«Балам айтуынша,бір кісі көлікке отырғызып, алып кеткен. Айқайлап, көмек сұраған. Ол «әйелім, бала-шағам жоқ, сізді зорлаудан басқа амалым жоқ» деп ойындағысын істеген. Кінәлі адамды тауып берсе, бейнекамераны көрсетпеді», – дейді жәбірленушінің анасы Оразгүл Қонысова.
Оқиғадан соң баланың мінез-құлқы бұзыла бастаған. Онсызда денсаулығында кінәраты бар бала тіпті сыртқа шығудан қорқып қалған көрінеді. Анасының айтуынша, қыруар қаржыға дәрі-дәрмек алып, баланың ем-домын жасаған. Ал полиция бұл қылмыстық іс бойынша тарап жатқан кей ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және бұл жағдай департамент басшылығының бақылауында тұрғанын мәлімдеді.
«Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттелуде. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасуда. Видео жазбалардың жоқ екендігі туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева
Көшеден көлігіне отырғызып алып кеткен күдікті әлі іздестірілуде. Анасы да қылмыскер тиісті жазасын алғанын талап етіп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ