Мобильді аударымдар: Кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа арналған жаңа талаптар қалай реттеледі?

Фото: pinterest.com

Мобильді аударымдар мен оларға салынатын салық 2025 жылдың басында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі. Аталмыш тақырып төңірегінде қызу талқылар әлі де жүріп жатыр. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі мобильді аударымдардың заң жүзінде қалай қадағаланатынын және биыл қазақстандықтарды қандай жаңалықтар күтіп тұрғанына шолу жасайды.

Мобильді аударым дегеніміз не? Бұл бір жеке тұлғаның шотынан екінші жеке тұлғаның шотына жасалатын қолма-қол емес төлем. Яғни, күнделікті өмірде бір-бірімізге түрлі мақсатта жіберетін ақшалар.

Бастапқыда бұл тек жеке мақсаттарға арналған қарапайым әрі ыңғайлы тәсіл ретінде қарастырылған. Алайда соңғы жылдары кәсіпкерлік қызмет үшін де белсенді түрде қолданыла бастады. Яғни POS-терминал (картамен төлем қабылдайтын құрылғы) арқылы есеп айырысудың баламасы ретінде қалыптаса бастады. Алайда мобильді төлемдердің қызметі басқа. Екеуінің айырмашылығы: егер ақша жеке тұлғаның шотына түссе — бұл мобильді аударым; ал кәсіпкерлік қызметке арналған арнайы шотқа түссе — бұл мобильді төлем.

Сәйкесінше, мобильді төлемдер кіріс ретінде декларацияда көрсетіліп, салық салынады. Ал жеке мақсаттағы аударымдарға салық салынбайды.

Бұл неге маңызды?

Мұндай аударымдар көлемі жыл сайын артып келеді. 2024 жылдың соңында Ұлттық банк еліміздегі қолма-қол емес төлемдер туралы деректермен бөлісті (2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша):

  • Қазақстандықтардың қолында 80,5 млн төлем картасы бар (оның 81,3%-ы дебеттік, 15,7%-ы кредиттік);
  • 2024 жылғы қарашада жеке тұлғалар карталар арқылы 1,11 млрд транзакция жасаған (2023 жылғы қарашамен салыстырғанда +11,1%). Операциялар көлемі 15,5 трлн теңгеге жеткен (+16,6%);
  • Қолма-қол ақша шешіп алу азайған (–1,9%);
  • Барлық операциялардың 79,4%-ы интернет немесе мобильді банкинг арқылы жасалған, ал көлем жағынан — 90,2%;
  • POS-терминал арқылы — тек 20,5% операция, және көлемі бойынша — 9,5%.

Мемлекет жеке мақсаттағы аударымдар мен тауар не қызмет үшін төленетін аударымдарды ажыратуға тырысып жатыр. Биліктің көздегені көлеңкелі экономиканы азайту және заңсыз кәсіпкерлікпен күресу. 2023 жылдан бастап бұл бағытта нақты шаралар қабылданып келеді. Яғни банк секторына жыл сайын белгілі бір санаттағы жеке тұлғалардың тізімі беріледі. Қаржы ұйымдары сол тізім негізінде мониторинг жүргізеді.

2025 жылы кімдер тексерілуі мүмкін?

Егер жеке тұлға қатарынан 3 ай ішінде 100 немесе одан да көп түрлі адамдардан ақша алса, ол адамның шоты тексеріледі. Айта кетейік, бұл жерде аударым емес, тек адам саны есепке алынады.

Салықтық бақылау 4 кезеңге бөлінген:

  1. 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары тексеріле бастады.
  2. 2024 жылы квазимемлекеттік сектор мен олардың жұбайлары қосылды.
  3. 2025 жылы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшылары және олардың жұбайлары тексеріледі.
  4. 2026 жылдан бастап барлық азаматтар тексерілетін болады.

Бұл қадамдар жалпыға бірдей декларациялаумен қатар жүруде. 2021 жылдан бастап енгізілген бұл бастамаға жыл сайын жаңа топтар қосылуда. Бірақ 2025 жылы барлық азаматтарды қамту жоспары кейінге қалдырылып, тек шетелде мүлкі бар азаматтар сияқты жекелеген топтар ғана есеп береді.

2025 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер мен заңды тұлға басшыларының шоттарына ерекше назар аударылады. Бірақ жеке кәсіпкер  ретінде тіркелмеген азаматтар да тексерілуі мүмкін. Бірақ оларды бақылауға алу үшін үш шарттың барлығы сәйкес келуі керек. Яғни, қатарынан 3 ай ішінде 100-ден астам әртүрлі адамнан 255 000 теңгеден (МЗП-ның 3 есесі) астам ақша түсетін болса, ол адам камералдық бақылауға алынады.

Мұндай жағдайда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) азаматтыңшығыстары мен кірістерін салыстырып, декларацияда табыс көрсетілмеген болса хабарлама жібереді.

Хабарлама алған соң, сізге тіркеліп, кәсіпкер ретінде қызметіңізді заңдастыру ұсынылады. Егер мұнымен келіспесеңіз, не себепті ақша алғаныңызды дәлелдеу керек. Мысалы, ем-дом үшін халықтан көмек сұраған адамдар да осы тізімге енуі мүмкін.

Егер талап орындалмаса, толыққанды салықтық тексеру жүргізіледі.

Билік мобильді аударымдарға тыйым салуды көздеп отырған жоқ, яғни олар жеке мақсаттар үшін қолжетімді болып қала береді. Мысалы, мектепте ата-аналар комитеті киноға баруға ақша жинай алады. Немесе  жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азамат әйеліне ай сайын ақша жіберіп отырса да тексерілмейді. Өйткені 100 түрлі адамнан аударым болмады.

Онлайн аударымдарға қатысты талаптардың күшеюі әртүрлі форумдарда кеңінен талқыланып жатыр. Талқылауларда жиі айтылатын пікірлердің бірі кәсіпкерлер қолма-қол есеп айырысуға қайта оралуы мүмкін.

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті ескерту жасады: Егер кәсіпкер тұтынушыдан қолма-қол емес төлем қабылдаудан бас тартса, бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл — 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал 2025 жылы АЕК мөлшері — 3 932 теңге. Тиісінше, айыппұл сомасы — 157 280 теңге.

Тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар үшін де айыппұл қарастырылған — 15-тен 100 АЕК-ке дейін (яғни, 58 980 теңгеден 393 200 теңгеге дейін).

Табыс жасыру — төленбеген салық сомасының 200%-ы көлемінде айыппұлмен жазаланады. Егер мұндай бұзушылық қайталанса — айыппұл мөлшері 300%-ға дейін өседі.

Касса чегін бермегендер де жауапкершілікке тартылады: 15-тен 50 АЕК-ке дейін, яғни 58 980 теңгеден 196 600 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Мобильді аударымдар туралы соңғы жаңалықтар

Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, 3 ай ішінде 255 мың теңгеден асатын аударымдарға қатысты тексеру шегін 1 миллион теңгеден жоғары сомаға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл ай сайын 330 мың теңгеден астам аударым жасау деген сөз.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, Қазақстанда аударымдарға қатысты нақты шекті мөлшер болмайды. Яғни, бұл бағыттағы саясат пен ережелер әлі де талқылану үстінде.