Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Әлия Назарбаеваның қоқыс өңдеу бизнесіндегі үлесі туралы пікір білдірді.
«Бұған дейін қоқыс өңдеу бизнесіне Әлия Назарбаеваның компаниясы әлі қатысы отыр ма деп сұрағанда ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан едіңіз. Кейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбектен сұрағанда Әлия Назарбаева тиесілі «Clean City» компаниясы Астанаға әлі қызмет көрсетіп жүргенін айтты. Конкурс процедуралары өткеннен кейін ғана қызмет көрсетуші ауысатынын жеткізді. Неге сіздің тараптан жалған ақпарат тарады?» — деп сұрады БАҚ өкілі Үкімет отырысынан кейін.
Ерлан Нысанбаев ол жолы қол астындағылар берген мәлімет бойынша ақпарат таратқанын айтты.
«Бірден айтқым келеді, бұл мәселе біздің ведомствоның құзыретіне жатпайды. Бұл жергілікті органдардың құзыретінде. Өткен жолы мен берген ақпарат туралы айтсам, менде одан басқа мәлімет жоқ. Яғни, маған қазіргі таңда сіз айтып отырған компанияға Әлия Назарбаеваның қатысы жоқ екені туралы ақпарат берілді. Одан басқа ештеңе айта алмаймын», — деді министр.
Журналист ондай ақпаратты кім бергенін сұрай келіп, «Сонда сізге жалған ақпарат берілген бе?» — деген сауал тастады.
«Иә. Оны анықтау керек», — деді Ерлан Нысанбаев.
Фото: primeminister.kz
ПІКІР ЖАЗУ