“NurAgro” Агрофирмасы Алматы облысы Қонаев қаласында орналасқан шамамен 1 460 гектар жерді алма бақтарымен бірге сатылымға шығарды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
Электронды сауда алаңының мәліметіне сәйкес, алма бағынан бөлек, саудаға көкөніс сақтау қоймасы, оған іргелес құрылыс кешені, бірнеше ғимарат, көлік құралдары мен жабдықтар қойылады.
Бағаны төмендету аукционы 28 қаңтарда өтеді деп жоспарлануда. Лоттың бастапқы бағасы – 10 068 167 076 теңге, ең төменгі баға – 3 356 055 692 теңге, ал кепілдік жарна – 117 960 000 теңге.
Белгілі болғандай, 2020 жылы “NurAgro” Агрофирмасының табысы шамамен 829,5 млн теңгені, 2019 жылы – 1,1 млрд теңгені, ал 2018 жылы – 880 млн теңгені құраған.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың тамыз айында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Хамраевтардың алма бақтарына қатысты тексеріс нәтижесін жариялаған болатын. Ол бақтардың экс-әкім Виктор Храпунов пен Иманғали Тасмағамбетовтің заңсыз әрекетімен иеліктен шығарылғанын мәлімдеген еді.
2024 жылдың наурыз айында Бақытжан Базарбек Алматының Каменское плато бөктерінде орналасқан «Мечта» тұрғын үй кешенін бұзу туралы хабарлаған. Бұл кешен бұрын алма бағы орналасқан жерде заңсыз тұрғызылған. Ал желтоқсанда Алматы соты Ерменсайдағы 846 гектардан астам алма бақтарын сату мәмілелерін жарамсыз деп танып, оларды Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтаруды міндеттеді. Істі Бостандық ауданы прокурорлары қозғаған. Олар 2004 жылы жерді “Халықаралық клубтар қауымдастығы” (МАК) ЖШС-не беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтаған.
ПІКІР ЖАЗУ