Меркідегі шабуыл: пышақ жарақатын алған мотоциклші күзетпен ауруханадан шықты

фото: видеодан кадр

Жамбыл облысындағы жанармай құю бекетінде пышақ жарақатын алған мотоциклші Александр Ярцев ауруханадан шықты. Бұл туралы оның адвокаты Закир Асадов мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Informburo.kz порталына сілтеп.

– Иә, ол шықты. Қазір оған тәулік бойы күзет қойылды, – деді Асадов.

Адвокаттың айтуынша, күдіктіге қатысты айып күшейтілді. Алғашында іс бұзақылық бабы бойынша тергелген. Алайда қорғаушының талабынан кейін іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі, 9-тармағына – «Бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу» бабына ауыстырылған. Сонымен қатар, 24-бап – «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» қолданылған.

Күдікті 15 жылдан 20 жылға дейінгі немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін адвокат күдіктінің туыстары Ярцевтен шағымын қайтарып алуын сұрағанын айтқан. Олар алдымен Меркедегі ауруханаға барған. Кейін Александр Алматыға ауысқанда, күдіктінің туыстары оны сол жақтағы ауруханадан іздеп барған. Осы жағдайдан соң Асадов Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жәбірленушіні күзетпен қамтамасыз етуді сұрап жүгінген.