«Менің өміріме ешкім кепілдік бермейді»: Танымал актер дерті жайлы айтқысы келмеген

Мұрат Бисембин белгілі тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында ауыр дерті жайлы айтты.

Өнер иесі қатерлі ісікке шалдыққанын бастапқыда неге жасырғанын түсіндірді.

«Ұйқы безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылды. Екінші кезеңінде жүрмін. Төрт рет химиотерапия алдым. Негізі сегізін алуым керек еді. Бірақ мен бас тарттым. Химиотерапия алып көрген адамдар жақсы біледі. Өте қиын ем түрі. Қатты әлсіреп қалдым. Қазір емдеудің басқа түрін таңдадым. Ол халық емі емес, медициналық емдеудің бір түрі. Ешкім менің өміріме кепіл болмайды. Германия мен Оңтүстік Корея дәрігерлері де емдеуге қарсы емес, бірақ кепілдік бермей отыр. Мен оған көңіл-күйімді түсіріп жүрген жоқпын. Қазір тек позитив ойлағым келеді», — деді актер Мұрат Бисембин сұхбатта.

Актердің сөзінше, ауруын жасырудың тағы бір себебі – анасын босқа уайымдатпау болған екен.

«Ауыр дертке шалдыққанымды әріптесім Саят халыққа жариялады. Оған дейін мен рұқсат етпей жүрген едім. Сосын Жан Байжанбаевпен хабарластық. Ол да маған жария етуді ұсынды. Дегенмен біз актерлар миллиондап ақша таппаймыз ғой. Бұны анам білгенін қаламадым. Ол кісі сырқатым туралы білмейтін еді. Жанға тек өз ортасындағы достарына айтуға рұқсат еттім. Достары жақсы көмектесті. Ақан Сатаев пен Саятпен кездескенде мені ақыры көндірді. Саят «Өзің жариялағың келмесе онда өзім жасаймын» деді. Анам бүгінде менің айығуымды тілеп, өзін тастап жіберген жоқ. Отбасым, жақындарымның барлығы қолдау көрсетіп жатыр. Желіде де көптеген адам маған жылы сөздерін айтып, қолдау беруде», — деді актер.