Танымал жазушы-драматург Дулат Исабеков бірер күн бұрын өмірден өткен белгілі жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннен кешірім сұрады. «Хабар» арнасындағы «7 күн» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасына берген сұқбатында Дулат Исабеков Мағауиннің баға жетпес шығармалары қалғанын жеткізді.
Cұқбатта Дулат Исабеков қазақтың Мұхтарын өкпеге қиса да, өлімге қимайтынын жеткізген.
«Мұхтар Мағауин қайтыс болды дегенді естігенде өзім отырып қалдым. Кеше ғана сау адам сияқты еді. Екеуміз айтысып жүр едік қой. Адам тіршілігінде өлмейтіндей жүреді екен де. Менен кейін қайтыс болады деуші едім. Айналайын, Мұқа. Сәл артық айтып қойсам әруағың кешірсін. Артық айтқан ештеңем жоқ сияқты деп ойлаймын. Артық десең, кешірім сұраймын. Қазақ халқы үшін үлкен олжа тастап кеттің. Өзің кеттің, мәңгілік сен қалдың. Шығармаларың қалды. Мұхтар деген атың қалды», — дейді Дулат Исабеков.
Айта кетейік, әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде дүниеден озды.
ПІКІР ЖАЗУ