Ел арасында көптен осындай пікір бар. Ұлттық банк мемлекеттік қарыз бойынша деректерді жариялады.
Ол қаншалықты шындыққа жанасады? Мемлекеттік борыш деген не? Сыртқы қарыз деген не? Мемлекеттер не үшін қарыз алады? Қазақстан сыртқа қанша қарыз? Қарапайым адамға, яғни сіз бен бізге уайымдауға негіз бар ма? Қаржылық сауат арнасы ресми сандарды «сөйлете» отырып, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Іргелі БАҚ-тардың өзі, онда істейтін журналистер сыртқы қарыз бен мемлекеттік борыштың аржігін ажырата алмай жатады. Өйткені сыртқы қарыздың ішінде мемлекеттің өз еншісіне келетін қарыздар да бар, сонымен бірге жеке компаниялар алған қарыздар да бар. Оның бәріне мемлекет жауап береді деген сөз емес.
Сыртқы қарыз деген не?
Мемлекеттер бір-бірінен қарыз алады. Бұл — әлемдік тәжірибе. Білмеген болсаңыз айтайық, экономикасы дамып кеткен АҚШ пен ЕО да осы тәжірибені қолданады. Яғни, олар да қарыз алады.
Біздің жағдай тұрғысынан баяндасақ, сыртқы қарыз деген — Қазақстанның басқа елдер мен халықаралық ұйымдардан алған қарызы. Ол ақша, займ, несие, облигация, бағалы қарыз қағаздары және басқа да міндеттемелер түрінде болуы мүмкін.
Мемлекеттер не үшін қарыз алады?
Әдетте, мемлекеттер қарызды, мысалы, жол салу секілді басқа да көптеген инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін алады. Кейде бюджет тапшылығын жабу үшін алады. Осылайша, сыртқы борышқа байланысты операциялар, көбіне, ел экономикасына инвестиция тарту үшін, инфрақұрылымды жақсарту үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін және түсетін салық көлемін көбейту үшін жасалады. Бір жағынан қарыз боп келген қаражат елдің әлемдік экономикаға араласуына және өзі өндірген тауарларды жаңа нарықтарға шығаруға көмектесе алады.
Қазақстанның сыртқы борышы неден тұрады?
Біздің елде сыртқы борыш екі бөліктен тұрады: мемлекеттік сектордың борышы (Үкімет пен Ұлттық Банк) және жеке компаниялардың қарызы. Оның құрылымы мынадай:
1. Мемлекеттің сыртқы борышы — Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен басқа елдерге берешегі. Ол — елдің жалпы сыртқы борышының шамамен 9,2%-ы.
Қазір ресми дерек бойынша, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы — 165 млрд 630 млн доллар. Соның ішінде мемлекеттің борышы — 9,2%. Демек, мемлекеттің бережағы — 15,24 млрд доллар ғана.
2. Жеке сектордың сыртқы борышы — коммерциялық банктер мен басқа да жеке ұйымдардың шетел кредиторларынан алған қарызы. Оның үлесі — 35,5%.
Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,355 = 58 млрд 698 млн доллар.
3. Корпоративтік сектордың борышы (фирмааралық берешек) — Қазақстанда жұмыс істейтін шетел корпорацияларының филиалдары мен еншілес компанияларының шетелдегі бас компанияларына берешегі. Бұл қарыз жалпы сыртқы қарыздың 55,3%-ындай болады.
Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,553 = 91 млрд 570 млн доллар.
«Әр адам бережақ 8000 доллар» қайдан шығып еді? Әрине, 165 млрд жалпы қарызды 20 млн халыққа бөлген. Сол кезде шыққан сома. Әлбетте, мемлекеттің өзінің қарызы 165 млрд емес. Демек, сіз бен біз «шетелге 8 мың доллардан қарызбыз» деген сөз шындыққа жанаспайды.
Айтпақшы, Қазақстанның өзінің сенімді қоры, «қауіпсіздік жастығы» бар. Ол — Ұлттық қордағы қаражат пен алтын-валюта резервтері. Олардың жалпы көлемі сыртқы қарыздан әлдеқайда көп.
ПІКІР ЖАЗУ