«Мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалог»: ғалымдар Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми өкілі Дамира Сихимбаева Жолдауға қатысты пікірін білдірді.

«Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамның түрлі топтары тарапынан кең қолдау тауып, мемлекеттік басқаруды жетілдіруде бірқатар өзгерістерді алып келді. Елдегі жүргізіліп жатқан көптеген әлеуметтанулық зерттеулер мемлекеттік институттарға қатысты сенімділіктің төмендігін көрсетеді. Қоғамдағы көптеген даулы мәселелердің шешілуінде азаматтар тиісті құзырлы органдардан жоғары өтіп, Президентке тікелей өтінішпен шығып жатады. Сондықтан, мемлекеттік институттардың қызметін барынша транспарентті етіп, саяси жүйенің әрбір саласының жұмысын жетілдіру аса өзекті», – деді ол.

Спикер Жолдауда айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше тоқталды.

«Президент Қ. Тоқаев бүгінгі Жолдауында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан ары дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бұл өз кезегінде, қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс орнатып, екі тараптан да жауапкершілікті қалыптастыруға үлесін тигізеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының пікірінше, аталмыш тұжырым қоғамдық кеңістікте жиі көтеріліп отырған «Әділетті қоғамды» орнату үшін, мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогтың қалыптасуы үшін де аса маңызды. 

 «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Президенттің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдамаларына да арқау болды. Соның бір мысалы ретінде, былтырғы жылғы Халыққа жолдауында мемлекеттік аппараттың дебюракратизация бойынша жұмыстың негізгі бағыттарының анықталып, арнайы нұсқаулар берілді. Мемлекет басшысы мемлекеттік жоспарлау жүйесі әлдеқайда жүйелі және икемді болуы үшін күрделі қайта қарастыруды қажет етеді деп атап өткен. Әсіресе, бұйрықтардың орындалуын тексеру мен бақылаудың тетіктерін қарастыру көзделді. Осы орайда, аталған бағыттардағы жұмыстардың қандай деңгейде атқарылып жатқаны жөнінде есептер мен бағалардың ашық талқылануы маңызды. Бүгінгі жолдаудағы әкімшілік процедураларды жан-жақты цифраризациялау жемқорлық іс-әрекеттердің алдын алу сияқты мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселелері аталмыш саясаттың жүйелі түрде жүзеге асуының көрінісі», – деді ФСДИ жетекші ғылыми өкілі.

Сондай-ақ ол былтырғы негізгі бағыттарды да атап өтті.

«Президенттің саяси жүйені реформалаудағы бастамалары да қоғамдық сенімді қайта қалыптастыруда көптеген өзгерістер алып келді. Мәселен, қарапайым азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімдерді қабылдауға тікелей қатысу аясы кеңейді. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін арттырады.  Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі жолдауларында мемлекет дамуындағы басты бағыттарды үнемі белгілеп отырады, былтырғы негізгі бағыттар да осы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымымен үндесіп жатыр. Атап айтар болсақ, тең мүмкіндіктер мен прогресті қамтамасыз ететін әділетті Қазақстан құру, бұл тек қоғам мен мемлекеттік биліктің бір-біріне құлақ асуы мен конструктивті диалог құруының нәтижесінде ғана мүмкін болмақ», — деді ФСДИ жетекші ғылыми өкілі.