Мемлекет көктемгі су тасқыны мен жер сілкінісіне дайын ба

Фото: ozgeris.info

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов осы сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, Алматыда былтыр жер сілкінісі болғанда халыққа ақпарат уақытылы айтылмаған еді. Эвакуациялау жұмыстары болмады. Жұрт көше кезіп кеткен еді. Тіпті жылы киімдерін алуға уақыттары болмаған халық, қақаған қыста жалаңаш шығып кеткен жағдайлар да болды.

Президент те өткір сын айтты. Елімізде 70 сейсмологиялық станция бар. Алайда оның алтауы мүлдем жұмыс істемегені анықталған. Мемлекет басшысы сынай келе, 285 сейсмологиялық станцияның қажет екенін тілге тиек еткен еді.

«Алматыдағы жағдайға қарап, елімізде өткізілген 27 000 сейсмологиялық жаттығу жұмыстарының және 2500 семинардың еш пайдасы болмады», — деп қатты атқан еді Тоқаев.

Содан бері не өзгерді? Сейсмологиялық орталықтар салынып жатыр ма? Өйткені заң жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 873,2 млн теңге сомасында қаражат сұраған.

Министр аталмыш сұрақтарға жауап бере отырып, жер сілкінісін болжайтын құрал ешбір елде жоқ екенін мәлімдеді.

«Соңғы жер сілкінісі болған кезде Мемлекет басшысы да, басқа жауапты тұлғалар да біздің жұмысымызға оң баға берді. Барлық алгоритм жұмыс істеді. Ақпарат жүйесі уақытылы ақпарат берді. Мысал ретінде алатын болсақ, Алатау оңтүстік базасын құрдық. 173 гектар жерде арнайы шатыр қалашығын құруға дайын екенімізді көрсеттік. Мойындауымыз керек, оны болжау, нақты ақпарат беру қазіргі таңда мүмкін емес. Ол бірде бір елде ондай ақпарат жүйелері жоқ. Сондықтан дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс алгоритмдер орындауымыз керек деп ойлаймын», — дейді шенеунік.

Айта кетейік, соңғы рет Алматыда жер сілкінісі 2024 жылы 23 қаңтарда болды. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырды. Кейін 4 наурызда тағы бір жер сілкінісі қалада тіркелді.

Су тасқыны

Былтыр елімізде соңғы онжылдықтағы ең жойқын су тасқыны болды. Бұл елдің 17 өңірінің 10-на әсер етті, оның ішінде Абай, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.  12 мыңнан аса үй мен тұтас ауылдар су астында қалып,  120 мыңға жуық адам эвакуацияланды.  Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бүгінгі күнге дейін әлі өтемақысын ала алмай жүргендер бар екенін айтты.

Министр биыл 1223 елді-мекен су астында қалуы мүмкін деді. Яғни еліміздің 9 облысында су басу қаупі жоғары.

Ведомствоның хабарлауынша, өңірлерді су тасқынына қарсы 1400 іс-шара жүргізілген.