Билік такси жүргізушілерін жұмыссыз қалдырмақ: Жаңа салық реформасы нені көздейді

Фото: drivers

Қазақстандағы таксопарктер мен жүргізушілер салықтық өзгерістерге алаңдаулы. Онсыз да билік теңгенің, бензиннің, депозиттің бағамын бетімен жіберді. Баға саясатын нарық өзі реттеуі тиіс деп, бәрін еркін айналымға шығарды. Бірақ нағыз нарық реттеуі тиіс салаларды министрліктер матап ұстауға мастер болып алған.

Үкімет такси қызметін жеңілдетілген салық режимінен шығарып, оған 16% қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуді жоспарлап отыр. Егер билік такси қызметін жеңілдетілген салық режимінен шығарып тастаса бұл дағдарысқа алып келуі мүмкін.

Біріншіден, такси тарифтері қымбаттайды. Такси жүргізушілері қосымша салық жүктемесін жолаушыларға ауыстыруы мүмкін. Бұл әсіресе агрегаторлар (Яндекс Go, Uber, Indriver) арқылы жұмыс істейтін такси қызметтеріне әсер етеді, өйткені олар комиссия алады, ал жүргізушілердің таза табысы онсыз да шектеулі.

Екіншіден, жүргізушілердің кірісі төмендейді. ҚҚС енгізілсе, такси жүргізушілерінің табысы азаяды. Көптеген жүргізушілер қазірдің өзінде төмен маржамен жұмыс істейтіндіктен, олардың көпшілігі тіпті бұл саладан кетуі мүмкін.

Үшіншіден, көлеңкелі экономиканың өсуіне жол ашады. Ресми салық жүктемесі артқан жағдайда, кейбір жүргізушілер тіркелмей, заңсыз қызмет көрсетуге көшуі мүмкін. Бұл салық түсімдерінің күтілген деңгейге жетпеуіне алып келеді.

Төртіншіден, ⁠жолаушылар такси қызметінен бас тартуы мүмкін. Егер такси бағасы айтарлықтай өссе, адамдар оны аз пайдалануы мүмкін. Бұл әсіресе күнделікті такси қызметін қолданатын азаматтарға, оның ішінде жұмысқа, оқу орындарына баратындарға әсер етеді.

Бесіншіден, жеке тасымалдау қызметтерінің көбеюіне әкеледі. Ресми такси қызметтері қымбаттаған жағдайда, жеке көлігімен заңсыз такси қызметін көрсететін жүргізушілер саны артуы мүмкін. Бұл жағдай жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер етеді, өйткені заңсыз тасымалдаушылар тексеруден өтпейді. Бұл көшеде қол бұлғап, такси тоқтатып тұратындардың заманына қайта әкелуі мүмкін.

Аталмыш салық өзгерістері такси компаниялары мен агрегаторлардың шығындарының артуына әкеледі. Такси қызметтерін реттейтін компаниялар (Яндекс Go, Uber және басқалары) жүргізушілердің салық жүктемесіне байланысты өз комиссияларын қайта қарастыруы мүмкін. Бұл бағаның одан әрі өсуіне немесе кейбір компаниялардың нарықтан кетуіне себеп болуы мүмкін.

Бұл өзгеріс такси бағасының қымбаттауына, автопарктердің қысқаруына және жұмыс орындарының жоғалуына әкелуі мүмкін деген болжамды сарапшылар да растап отыр.

«Яндекс Такси» Қазақстандағы директоры Тайыр Байдуйсеннің айтуынша, жаңа салық жүктемесі жүргізушілердің табысын кемінде 10%-ға азайтып, көптеген жүргізушілерді заңсыз қызметке көшуге мәжбүрлеуі мүмкін.

Сонымен қатар, таксопарктердің қаржылық тұрақтылығына қауіп төніп, жаңа көліктердің сатып алынуы қиындайды.

Электромобильдермен жұмыс істейтін таксопарктер де дағдарыс алдында. Электромобильдермен жұмыс істейтін такспарктердің мәселесі өз алдына бөлек мәселе. Қазақстанда оларды қуаттайтын станциялардың саны аз. Халықаралық стандарттарға сай, 10 электромоибльге 1 қуаттау станциясы болуы керек. Ал Қазақстанда 43 көлікке бір станциядан келеді. Әсіресе республикалық маңызы бар жолдарда бұл мәселе өзекті. Бұдан бөлек елдегі электр желілері тозған, бұл болашақта апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Депутаттар тарапынан көтеріліп келе жатқан мәселе әлі де шешілмей тұр. Сондай-ақ қызмет көрсететін станциялар мен жөндеу орталықтары жеткіліксіз. Әрине, халықтың сенімі де рөл ойнайды. Көлік жүргізушілері әлі де Қытайдың тауарына күмәнмен қарайды. Бұл туралы біз бөлек материал жариялаған едік.

Оқи отырыңыздар: Қазақстанда бензин бағасы шарықтаса, экокөліктер тиімді бола ма?

“Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен депутаттар мәселені талқылауға дайын, бірақ салық кодексіне өзгерістерді енгізу үшін уақыт шектеулі – шешім 1 шілдеге дейін қабылдануы керек.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің такси жүргізушілеріне қалай әсер ететінін түсіндірді.

«2025 жылғы 20 ақпанда Мәжіліске қарауға ұсынылған Салық кодексі жобасына енгізілген жаңа түзетулер пакетінде такси жүргізушілері үшін жеңілдетілген салық салу режимі қарастырылған», — деп жазылған хабарламада. 

Бұл режим салық төлемдерінсіз жүзеге асырылады. ҚҚС және басқа да салықтар салынбайды, жеке табыс салығының мөлшерлемесі нөлге тең. Такси жүргізушілері тек 4% мөлшеріндегі бірыңғай төлемді төлейді, оған зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру кіреді. Бұл режимді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайдалануға болады. Осылайша, такси жүргізушілері үшін салық жүктемесі артпайды. Бұған қоса, такси жүргізушілері интернет-платформа операторымен (Яндекс және т.б.) такси парктерінің делдалынсыз тікелей жұмыс істей алады.

Сонымен қатар ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше 2024 жылдың қорытындысы негізінде «такси» қызметінің түрі, оның ішінде жалға беру бойынша 15 мыңға жуық салық төлеуші жеңілдетілген декларация режимін қолданады. Оның ішінде тек 924 салық төлеуші 15 млн теңгелік шекті сомадан асады. Демек, ҚҚС төлеу міндеттемесімен шекті соманың төмендеуі олардың тек 6%-на ғана әсер етеді. Бұл – ҚҚС төлеуге міндетті ірі таксопарктер.

Интернет-платформа операторы ҚҚС төлеуші болып табылады. Сонымен қатар, такси қызметі нарығындағы бағалар нарықтық қатынастарға, бәсекелестікке, сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын атап өткен жөн.

Бұдан бұрын Үкіметте басқа заң жобасы талқыланған. Онда автобус және таксопарктерді бір палатаға кіргізіп, ай сайын жарна жинау көзделген еді. Яғни жолаушы тасымалымен айналысатын кез-келген кәсіпкер палата басшысының айтқанына көніп, айдауына жүруі тиіс. Оның аясында жолаушылар тасымалындағы баға қымбаттауы мүмкін. Және нарықта толық хаос басталады, деп дабыл қаға бастады қаржы сарапшылары мен қоғам белсенділері. Парламентте бірінші оқылымнан кейін депутаттардың байыпты ұстанымының арқасында аталмыш заң жобасы кері қайтарылып, пилоттық жобаны іс жүзінде бақылау үшін Көлік министрлігіне жіберілді.

«Әр бизнес тиісті қызмет көрсетіп, оған өз бағасын қоюы керек. Оның нарығы бәсекеге толы болуы тиіс. Енді палата ойыншыларының сөз байласып, монополиялық бір бағаны ұстап тұруына толық жол ашылады. Сговордың көкесін осы кезде көреміз», — деп пікір білдірген еді Айбар Олжаев.

Қорытындылай келе, такси қызметіне ҚҚС енгізу жолаушылар үшін бағаның өсуіне, жүргізушілердің кірісінің төмендеуіне және заңсыз тасымалдау қызметтерінің көбеюіне алып келуі мүмкін. Бұл жағдайда үкімет такси нарығындағы өзгерістерді мұқият бақылап, салық жүктемесін оңтайлы деңгейде белгілеу үшін жүргізушілер мен агрегаторлардың пікірін ескеруі қажет.

Оқи отырыңыз: «Көлеңкелі бизнес пен жемқорлыққа әкеледі»: Жолаушылар тасымалы саласын кім құрдымға жетелеп барады?